Экономика
Trending

Ұлытау облысында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 1,1%-ға өсті

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында өңірдің 2025 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Өңір басшысының айтуынша, есепті кезең қорытындысы бойынша Ұлытау облысында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 1,1%-ға өсті. Көлік және қоймалау саласында өсім 22,5%-ды, құрылыс саласында 10,8%-ды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 9,8%-ға артты, негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,9%-ға, сауда көлемі 1,6%-ға өсті.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика тіркелді. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша сала 1%-дық өсім көрсетіп, аграрлық сектордың тұрақтанғанын және біртіндеп қалпына келе бастағанын аңғартады.

«Көрсеткіштердің өсуі агробизнесті мақсатты түрде қолдау есебінен қамтамасыз етілді. Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен облыста жалпы құны 13 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі — шаруашылықтарды біріктіру арқылы іске асырылып жатқан “Отбасылық ферма” жобасы. Жоба 6 ауылдық округті қамтиды, оның аясында 12,9 мың бас ұсақ мал, 7,8 мың бас ірі қара мал, сондай-ақ 25 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды», — деді облыс әкімі өз баяндамасында.

Жалпы, Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік кешені өткен кезеңмен салыстырғанда дамудың перспективалы бағыттарының біріне айналып, инвестициялар көлемінің өсуіне елеулі үлес қосып отыр. Жобаларды іске асыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісін 4 атаудан 6 атауға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button