Жаңалықтар
Trending

Ұлытау облысында инвестициялық жобалар аясында қауіпсіздік инфрақұрылымы дамып жатыр

Бүгін Ұлытау облысында еліміз бойынша алғашқы Әуе құтқару жасағы салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар облыс орталығы – Жезқазған қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі іске қосылды. Мереке күнінде төтенше жағдайлар қызметкерлеріне жаңа техника кілттері және бірқатар сала қызметкерлеріне қызметтік пәтерлердің кілттері табыс етілді.

Бұл жобалар тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық тұрақтылығын және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық бастамалар болып табылады. Жаңа құрылымдардың іске қосылуы нәтижесінде өңірде жұмыс орындары құрылып, заманауи техника мен технологияларды қолдану арқылы қызмет тиімділігі арттырылуда.

Маңызды шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев арнайы қатысып, облыстың төтенше жағдайларға жедел ден қою әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың экономикалық және әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Бұл қадамдар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің сенімділігін нығайтады.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөзінде жаңа нысандардың ашылуы өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын атап, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Ол атап өткендей, мемлекет басшысы өңірлердің қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отыр, ал жаңа авиациялық құтқару жасағы мен өрт сөндіру бөлімшесі — бұл бағыттағы нақты инвестициялық қадамдар. «Бұл жобалар біздің тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен өмірін қорғауға ғана емес, сонымен қатар Ұлытау облысының инфрақұрылымдық және экономикалық әлеуетін арттыруға арналған маңызды инвестиция», – деді өңір басшысы.

Министр Шыңғыс Арынов өз сөзінде әуе құтқару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. «Болашақта осы үлгідегі жабдықталған тікұшақ ангарларын еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр. Алғашқы нысанның дәл Ұлытау облысында іске қосылуы — орталық өңірге көрсетілген үлкен қолдау әрі еліміздің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін көтеруге бағытталған нақты қадам», – деді министр.

Салтанатты шара барысында төтенше жағдайлар саласындағы қызметкерлер мен өңірдің белсенді азаматтары арнайы төсбелгілермен және алғысхаттармен марапатталды. Сонымен қатар биыл МЧС Ұлытау облысына заманауи жабдықталған тікұшақ сыйға тартқан болатын, бұл өңірдің төтенше жағдайларға жедел жауап беру мүмкіндігін бірнеше есе арттырды.

Жыл соңына дейін Ұлытау облысының Сәтбаев қаласы мен Жәйрем кентінде де жаңа өрт сөндіру бөлімдері ашылуы жоспарланып отыр. Осы жобалардың барлығы өңірдің қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, экономикалық даму мен инвестициялық тартымдылықты арттыруға септігін тигізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button