«Заң және тәртіп»: Сарыарқа ауданында құқықбұзушылыққа қарсы оқушылар жобаларының байқауы өтті

Астананың Сарыарқа ауданында мектеп оқушылары арасында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Алғырлар – 2025: идеядан болашаққа» атты оқушылар жобаларының байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқауға аудан аумағындағы 33 мектептен оқушылар қатысып, өз жобаларын заманауи форматта — видео-эссе түрінде ұсынды. Қатысушылар қоғамда және білім беру ортасында жиі кездесетін өзекті мәселелерге тоқталып, олардың алдын алу жолдары бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, оқушылар мектептегі буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мәселелерін көтерді.
Жобалар мазмұны балалардың тек проблемаларды анықтап қана қоймай, оларды шешуге бағытталған бастамашыл көзқарасын көрсетті. Ұсынылған жұмыстарда ақпараттық қауіпсіздік, өзара сыйластық, заңды білу және оны сақтау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай байқаудың практикалық маңызына тоқталып, бұл бастаманың тәрбиелік әрі алдын алу бағытындағы тиімді құрал екенін атап өтті.
«Байқауға ауданымыздағы 33 мектептің оқушылары қатысып отыр. Әрқайсысы өз жобасын видео-эссе форматында таныстырды. Жасөспірімдер буллинг, кибербуллинг, интернет-алаяқтық сияқты өзекті мәселелер бойынша нақты идеялар мен ұсыныстарын ұсынды. Ұсынылған жобаларды беделді қазылар алқасы бағалайды. Ең маңыздысы — бұл жай ғана байқау емес. Мұнда көтерілген тиімді әрі тың бастамалар алдағы уақытта профилактикалық жұмыста тәжірибеге енгізілетін болады», — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы байқаулар оқушылардың құқықтық санасын арттырып қана қоймай, оларды қоғам өміріне бейжай қарамай, өз ортасындағы мәселелерді шешуге белсенді қатысуға ынталандырады. Сонымен қатар бұл бастама мектептер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, қауіпсіз әрі құқықтық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Болашақта «Алғырлар» жобасы аясындағы осындай байқауларды кеңейту және басқа аудандарда да өткізу жоспарланып отыр.



