Өскеменде жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған қалалық актив отырысы өтті.

Актив мәжілісіне төрағалық еткен қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, Конституция жобасы адамның қолданыстағы құқықтары мен бостандықтарын сақтап қана қоймай, олардың аясын кеңейтіп, нақты іске асуын және қорғалуын күшейтеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі кезең еліміздің болашақ дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Қабылданатын шешімдер Қазақстанның ұзақ мерзімді бағытын айқындайды. Конституциялық реформа Президенттің бір палаталы Парламент құру бастамасының аясында қолға алынды. Сондықтан бүгінгі қалалық активте мемлекеттің дамуына қатысты өзекті мәселелерге үн қосу үшін жиналдық. Ел тарихында алғаш рет Ата заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылды. Басты құжатта заң мен тәртіп, азаматтардың құқығын қорғау, сонымен қатар ел болашағын айқындайтын білім мен мәдениетке, цифрлық дамуға, ғылым мен инновациялық құндылықтарға, жасанды интеллектіге айырықша басымдық беріліп отыр, – деді қала әкімі.
Жиында цифрлық жағдай – конституциялық кепілдіктердің бір бөлігі екендігі айтылды. Ол жөнінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байыркенова түсіндірді.
– Қазір біз мына өмірден бөлек әлемде, цифрлық ортада да өмір сүріп отырмыз. Ол жерде де сол құндылықтар сақталып, адамның жеке кеңістігі мен деректерін қорғау құқығы құрметтелуі керек. Бұл ұстанымдар Конституция жобасында нақты көрсетілген. Жоба хат-хабардың, келіссөздердің, хабарламалардың, дербес деректердің және банк құпиясының қол сұғылмастығын бекітеді. Онда жеке өмірдің тек физикалық кеңістікте емес, цифрлық ортада да жүзеге асатыны мойындалады. Алғаш рет Ата заң деңгейінде жеке өмір мен дербес деректерді қорғау цифрлық технологияларды қолданумен тікелей байланыстырылып отыр (21-бап). Бұл – қазақстандықтардың күнделікті өмірінің жаңа шындығына конституциялық нормаларды бейімдеудегі аса маңызды қадам, – деді заңгер.
Айта кетейік, қазіргі цифрландыру заманына орай, Конституцияның жобасында алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.



