ШҚО-да балалар мен жасөспірімдер арасында хоккейден турнир басталды

Шығыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден дәстүрлі «Алтын шайба» турнирі басталды. Салтанатты ашылу рәсімі Өскемен қаласындағы Б.Александров атындағы Спорт сарайыаренасында өтті. Жарысқа өңірдің қала және аудан командалары қатысып, жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Турнирдің ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жас хоккейшілерге сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өз сөзінде хоккейдің Шығыс Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Хоккей – біздің өңірдің мақтанышы. Дәл осы жерде талай мықты спортшыларды тәрбиелеген атақты Торпедоклубы құрылған. Жуырда ғана жас хоккейшілеріміз Канадада өткен халықаралық турнирде Қазақстанның намысын абыроймен қорғап қайтты. Олардың қатарында “Торпедо” командасының ойыншылары да болды. Бұл – баршамыз үшін зор мақтаныш. Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан командаларға сәттілік, әдемі ойын мен жарқын эмоциялар тілеймін», – деді өңір басшысы.
«Алтын шайба» турнирінің басты мақсаты – өңірде шайбалы хоккейді дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және мамандандырылған спорт мектептеріне болашағынан үміт күттіретін жас ойыншыларды іріктеу. Биылғы додаға 2015–2016 жылы туған жас спортшылар қатысуда. Бұл олардың үлкен спорттағы алғашқы маңызды қадамдарының бірі саналады.
Екі күнге созылатын жарыс барысында командалар өзара бақ сынап, үздіктер анықталады. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік кубоктармен, дипломдармен және медальдармен марапатталады.
Аймақта балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осындай жарыстар жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақта ел намысын қорғайтын кәсіби спортшылардың қалыптасуына жол ашады. «Алтын шайба» турнирі де жас хоккейшілер үшін тәжірибе жинап, өз мүмкіндіктерін көрсетуге берілген маңызды алаң болып отыр.


