ШҚО-да құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Шығыс Қазақстан облысында құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын облыс әкімдігінде өтіп, оған мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысты.
Отырыста цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалана отырып интернет-алаяқтықпен күресті күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы қауіпсіздікті арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл тақырыбы негізгі бағыттардың бірі болды.
Жиынға төрағалық еткен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасаған облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Абай Бақтияров 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында ШҚО полиция департаменті есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 54 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 19 қылмыстық теріс қылық және 35 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, есірткі өткізудің 30 дерегі және құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 1 фактісі анықталған. Сонымен қатар есірткі өсіруге арналған фитозертхана мен синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана жойылған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз айналымнан 32 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 12 келіден астамы марихуана. Синтетикалық есірткілерді анықтау және тәркілеу бойынша оң динамика байқалып отыр: өткен жылдың осы кезеңінде 996 грамм тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 20 келіден асты.
Кешенді жоспар қабылданған уақыттан бері өңір полицейлері синтетикалық есірткі өндіру және тарату арналарының жолын кесу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізген. Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері 35 мыңға жуық адамды қамтыған 197 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған.
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрымбет Сақтағанов жауапты мемлекеттік органдарға өңірдегі есірткіге қатысты ахуалды жақсарту, интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Мамандардың айтуынша, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыс қоғамдағы қауіпсіздікті арттыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.



