Жаңалықтар

«Қалдықсыз әлем»: Қоршаған ортаға жанашырлық – жастардың міндеті 

Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы бұл жолы жай ғана кездесу алаңы емес, экологиялық ой-пікірлер тоғысқан ортаға айналды. Халықаралық қалдықсыз әлем күніне орай ұйымдастырылған басқосу жастардың табиғатқа деген көзқарасын жаңаша қалыптастыруды көздеді.

Шара барысында қатысушылар тек тыңдаушы болып қана қоймай, экологиялық мәдениеттің белсенді насихатшыларына айналды. Жастар табиғатты қорғаудың нақты жолдарын, қоршаған ортаның ластану себептерін және күнделікті тұрмыста қалдық көлемін азайтудың тиімді тәсілдерін талқылады.

Кездесуге облыстың Ассамблея жастары, этномәдени бірлестіктер мүшелері мен студенттер қатысты. Әсіресе, заттарға «екінші өмір» сыйлау идеясы мен экологиялық бастамаларды қолдау мәселесі қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды.

– Бүгін біз жастармен “Zero Waste” тұжырымдамасын жан-жақты талқыладық. Ең бастысы – кез келген шағын қадамның өзі әрекетсіздіктен әлдеқайда тиімді екенін жеткізу. Әр адам экологияға үлес қоса алады.

 

Ол үшін үлкен өзгеріс емес, күнделікті қарапайым дағдылардан бастау жеткілікті, – деді эко-белсенді Анастасия Черномаз. Кездесу нәтижесінде жастар экологиялық жауапкершілікті тек ұран ретінде емес, өмір салтына айналдыру қажеттігін түсінді.

Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button