Ұлттық ұландықтар мен жастар 103 жастағы ардагерге құрмет көрсетті

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3477 әскери бөлімінің әскери қызметшілері «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Павловна Светочеваның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Биыл ардагер 103 жасқа толып отыр.
Кездесу ерекше жылы әрі әсерлі жағдайда өтті. Жас ұрпақ ардагерге арнап ән шырқап, бейбіт өмір үшін алғыс білдіріп, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.
Іс-шараны ұйымдастыруда 3477 әскери бөлімінің әйелдер кеңесі белсенділік танытты. Ардагерге арнайы дастархан жайылып, кездесудің шынайы әрі жүрекке жылы атмосферада өтуіне жағдай жасалды.
«Біз үшін ардагерлерге құрмет көрсету – үлкен парыз. Олар – ел тарихының тірі куәгерлері. Сондықтан әрдайым олардың жанынан табылып, қамқорлық танытуға тырысамыз», – деді майор Дархан Мұхтариев.
Мұндай кездесулер жас буынның бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға және тарихи естеліктер сақтауға септігін тигізеді.
“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



