Жаңалықтар

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: тұрғындар үшін қауіпсіз, таза және жайлы орта қалыптастыру

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Рауан Рақымбеков пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын барысында «Қазақстан Республикасы өңірлік дамуының 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы», туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес қорытындысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы, сондай-ақ қалалардың сыртқы келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Сонымен қатар отырыста «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру, орман қоры жерлеріне 2 млрд ағаш, елді мекендерге 15 млн көшет отырғызу жұмыстарының барысы қаралды. Бұл бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл аймақтарды кеңейтуге бағытталған.

Мәжілістен кейін өткен кеңейтілген жиналыста қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Тапсырмалар олардың орындалу мерзімі мен сапасына ерекше назар аударуды көздейді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет «Өңірлік дамудың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Аталған құжат өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін олардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарына сай ашуға бағытталған.

Тұжырымдама аясында халықты базалық инфрақұрылыммен толық қамту, қалалар мен ауылдарда жайлы орта қалыптастыру, өңірлер арасындағы даму теңгерімсіздіктерін азайту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және экономиканың салалық бағыттарын дамыту көзделген.

Бүгінде осы құжат шеңберінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауы қажет», – деді Данияр Еренғалиұлы.

Сондай-ақ жиында өңірдегі туристік аймақтарды дамыту, демалыс орындарын жаңғырту және жол бойындағы сервистік нысандарды стандарттарға сәйкестендіру мәселелері көтерілді. Қызмет көрсету сапасын тұрақты бақылауда ұстау және туристерге қолайлы жағдай жасау қажеттігі ерекше атап өтілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындар үшін қауіпсіз, таза және жайлы орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың, бизнес өкілдерінің және азаматтық қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді», – деп атап өтті Данияр Еренғалиұлы.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында 2021–2025 жылдарға арналған жоспар толық орындалып, жалпы 958,8 мың ағаш егілді. Бұл жұмыстар өңірде жасыл желек көлемін арттыруға елеулі үлес қосты.

Облыс әкімі бастамасымен көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Мәселен, Қызылорда қаласының кіреберіс аумағына 7 мың, ал әуежай маңына 4 мыңнан астам алма ағашы отырғызылды. Бұл аймақтардың көркін арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға да ықпал етуде.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы көгалдандыру жұмыстарына 18 млрд теңге бөлініп, жыл сайын 14 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Жалпы алдағы 2025–2030 жылдар аралығында өңірде 71,5 мың ағаш, 658,6 мың шаршы метр жасыл аймақ және 428,4 мыңнан астам гүлзарлар отырғызу көзделіп отыр.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, тұрғындарға қауіпсіз, таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік бастама ретінде өз нәтижесін беріп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button