Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: тұрғындар мен туристерге қолайлы орта қалыптасты

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өңір әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген селекторлық кеңес өтті. Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылу барысы, туристік дестинацияларды дамыту, мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ экологиялық парктер құру мәселелері қаралды. Аталған кеңеске облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты.

Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бағдарлама экологиялық мәдениетті арттырумен қатар, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға да серпін беріп отыр.

Бюджеттік қаражатпен қатар, демеушілер есебінен демалыс аймақтары, балалар ойын және спорт алаңдары жаңартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен жөндеуден өтуде. Соңғы жылдары Қызылорда қаласындағы орталық алаң, мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері толықтай қайта жаңғыртылып, заманауи келбетке ие болды.

Ауылдық елді мекендерді дамыту мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соңғы үш жыл ішінде жалпы құны 2,064 млрд теңгені құрайтын 67 арнайы техника ауылдық округтерге табысталып, санитарлық тазалық жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында «Жасыл даму» АҚ қолдауымен жалпы құны 98,7 млрд теңге болатын 9 ірі жоба жүзеге асырылуда.

Жаңақорған ауданында қалдықтарды сұрыптау кешені толықтай қаржыландырылып, қажетті жабдықтар орнатылды және іске қосу кезеңіне дайындалды. Ал Сырдария ауданында облыстық бюджет есебінен 475 млн теңгеге заманауи сұрыптау кешені бар қалдықтар полигоны салынып, қазіргі уақытта пайдалануға берілді. Бұл жобалар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда.

Туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы өңірге 212 278 турист келіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 25,4 пайызға артты. Туристік қызмет көрсету көлемі 3 млрд 288 млн теңгеге жетіп, 42,8 пайыздық өсім көрсетті. Бұл өңірдің туристік әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт ата әуежайында» туристерге арналған виртуалды карталар әзірленіп, QR-кодтар орнатылды. Бұл цифрлық шешімдер туристерге қажетті ақпаратты жылдам әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, экскурсияға келушілер үшін заманауи талаптарға сай жаңартылған музей қызмет көрсетіп, тарихи-мәдени мұралар туралы толық ақпарат ұсынады. Өңірдегі демалыс парктері жаңартылып, қауіпсіздік пен қолайлылық деңгейі арттырылды.

Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға 102 және SOS батырмалары бар 15 арнайы құрылғы орнатылды. Бұл жүйе төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында халықаралық деңгейдегі қонақ үй кешендері салынуда. Атап айтқанда, бесжұлдызды қонақүй, IBIS Qyzylorda және Pana қонақ үйлері бой көтеріп, өңірдің қонақжайлылық әлеуетін арттыруда. Сонымен қатар, аудан орталықтарындағы теміржол вокзалдары кезең-кезеңімен жаңғыртылып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілуде.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірде тек экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама ретінде өз нәтижесін беріп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button