Жаңалықтар

Ұлытау облысының «109» бірыңғай байланыс орталығы 2025 жылғы жұмысын қорытындылады

2026 жылғы 18 мамырда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «109 Бірыңғай байланыс орталығының 2025 жылғы қызметі туралы» тақырыбында брифинг өтті. Брифинг спикері – Ұлытау облысының 109 Бірыңғай байланыс орталығының Директоры Конарбаева Алима Серікқызы.

Брифинг барысында 109 Бірыңғай байланыс орталығының қызметі, тұрғындар өтініштерінің статистикасы, өтініштерді өңдеу тиімділігі және жүйені цифрлық дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлытау облысында 109 Бірыңғай байланыс орталығы 2022 жылдың қараша айында іске қосылған болатын. Орталық тәулік бойы 24/7 режимінде жұмыс істеп, тұрғындардан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, инфрақұрылым және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қатысты өтініштерді қабылдайды.

Орталық іске қосылған уақыттан бері 139 мыңнан астам өтініш тіркелген. Оның ішінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша 51 004 өтініш қабылданып, толық орындалған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары.

Статистикаға сәйкес, өтініштердің басым бөлігі Жезқазған қаласының тұрғындарынан түскен. Сонымен қатар, Сатпаев қаласы мен Жаңаарқа ауданында өтініштер санының айтарлықтай өскені байқалады.

Өтініштерді қабылдау арналары арасында WhatsApp мессенджерін пайдалану қарқынды артқан. Тұрғындардың фото және бейнематериалдарды жолдау мүмкіндігіне байланысты бұл арна кеңінен қолданысқа енген. Сонымен қатар Telegram-бот пен Instagram әлеуметтік желісі арқылы келіп түсетін өтініштер саны да өсуде.

Брифингте тұрғындар жиі көтеретін мәселелерге де тоқталды. Өтініштердің негізгі бөлігі электрмен жабдықтау, сумен қамту, жылу беру, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, жол инфрақұрылымы және көшелерді жарықтандыру мәселелеріне қатысты болған.

Спикер нақты мысалдар арқылы 109 қызметінің жедел әрекет ету тиімділігін атап өтті. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, көше жарығы, ашық құдықтарды жабу және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша тұрғындардың өтініштері қысқа мерзімде шешімін тапқан.

Сонымен қатар, брифинг барысында КОМЕК-109 жүйесінде енгізілген жаңартулар туралы ақпарат берілді.

Атап айтқанда:
– өтініштерді автоматты түрде санаттарға бөлу;
– орындаушылар арасында автоматты үлестіру;
– орындалу мерзімдерін бақылау;
– талдамалық есептер қалыптастыру;
– Telegram-бот және порталмен интеграция;
– жасанды интеллект элементтері арқылы қайталанатын мәселелерді анықтау мүмкіндіктері іске асырылған.

Конарбаева Алима Серікқызы өз сөзінде 109 қызметі тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін маңызды цифрлық құралға айналғанын атап өтті. Жүйенің ашықтығы мен өтініштердің толық бақылауда болуы халық сенімін арттырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етуде.

Ұлытау облысының 109 Бірыңғай байланыс орталығы алдағы уақытта да тұрғындардың өтініштерін сапалы әрі жедел қарау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button