Жаңалықтар

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету» тақырыбында брифинг өтті.

Іс-шараға:

– Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мадбаев Қуандық Аманқанұлы;

– Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының Көліктегі бақылау бөлімінің басшысы Төленбаев Мұхтар Талғатұлы;

– Азаматтық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы, подполковник Аяпбергенов Айдос Еркебұланұлы қатысты.

Брифинг барысында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидалары, азаматтардың жауапкершілігі және 2026 жылғы навигациялық кезеңге арналған профилактикалық жұмыстар туралы кеңінен айтылды.

Спикерлердің мәліметінше, Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, Ұлытау облысының Полиция департаменті, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы және Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, 2026 жылғы навигациялық кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен.

1 маусым мен 31 тамыз аралығындағы шомылу маусымында «Назар аударыңыз! ШАҒЫН ФЛОТ!» акциясы ұйымдастырылып, судағы төтенше жағдайлардың алдын алу, шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану және азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.

Брифинг барысында шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде жиі кездесетін құқық бұзушылықтар да атап өтілді. Атап айтқанда, су көлігі саласында анықталған заң бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 33 422 теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Сонымен қатар, тұрғындарға шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптары түсіндірілді. Олардың қатарында:

– кемені міндетті мемлекеттік тіркеуден өткізу;

– техникалық куәландырудан өту;

– басқару құқығына арналған куәліктің болуы;

– құтқару және өртке қарсы құралдармен жабдықталуы секілді міндетті талаптар бар.

Спикерлер суда орын алатын негізгі қауіптердің қатарында тіркелмеген кемелерді пайдалану, масаң күйде кеме басқару, құтқару кеудешелерін қолданбау және қолайсыз ауа райында суға шығу жағдайлары жиі кездесетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасында шағын көлемді кемелерді бақылау және қадағалау функцияларын ҚР Көлік министрлігінен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне беру мәселесі бойынша заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатқаны айтылды. Бұл өзгерістер судағы қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Брифинг соңында тұрғындар судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, құтқару құралдарын пайдалануға және су көлігін жауапкершілікпен басқаруға шақырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button