Жаңалықтар

Ұлытау облысында кедергісіз орта талаптарын сақтау және сәйкестік декларациясын келісу мәселелері талқыланды

2026 жылғы 4 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Кедергісіз орта талаптарын сақтау және сәйкестік декларациясын келісу» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг спикерлері:

• Сатаева Айнұр Қанапияқызы – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы;

• Айдархан Құралай Мұқажанқызы – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

Брифинг барысында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділік талаптарын сақтау мәселелері, кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы бақылау жұмыстары және жаңа Құрылыс кодексінің талаптары туралы айтылды.

Департамент әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне тұрақты бақылау жүргізуде. Нысандарды бейімдеу, қолжетімділік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, профилактикалық бақылау және азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде тексерулер өткізілуде.

2025 жылы және 2026 жылдың өткен кезеңінде қолжетімділік мәселелері бойынша барлығы 63 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 15 тексеру профилактикалық бақылау шеңберінде, 21 тексеру жоспардан тыс тәртіппен және 27 тексеру көлік прокуратурасының тапсырмасы бойынша өткізілді.

Тексеру нәтижесінде 18 нұсқама беріліп, 11 нысанға қатысты жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Тексеру барысында пандустардың болуы және нормативтік талаптарға сәйкестігі, санитарлық тораптар, кіреберіс топтары, лифтілер, тактильді бағыттаушылар, қозғалыс жолдары мен қолжетімді ортаның басқа да элементтері қаралады.

Спикерлер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне ерекше тоқталды. Жаңа құжат құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігін күшейтеді және нысандардың қауіпсіздігіне, сапасына және халық үшін қолжетімді болуына басымдық береді.

Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес аумақтық департаменттерге мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігі бөлігінде сәйкестік декларациясын келісу құзыреті берілген.

Сәйкестік декларациясы – салынған нысанның заңнама талаптарына, құрылыс нормаларына және жобалық құжаттамаға сәйкестігін растайтын ресми құжат. Ол нысанды пайдалануға беру үшін міндетті құжат болып табылады және құрылыс толық аяқталғаннан кейін рәсімделеді.

Брифинг барысында кедергісіз орта құрудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қолжетімді орта тек мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, егде жастағы азаматтарға, бала арбасын пайдаланатын ата-аналарға және уақытша қозғалысы шектелген адамдарға да қажет.

Спикерлер қолжетімділік талаптарын құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап ескеру қажеттігін атап өтті. Бұл нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button