ШҚО-да «Уылдырық шашу» республикалық жедел алдын алу шарасы қорытындыланды

Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Уылдырық шашу» республикалық жедел алдын алу шарасы аяқталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – су биологиялық ресурстарын заңсыз аулау, тасымалдау және өткізуге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстардың алдын алу.
Іс-шара аясында ШҚО Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, балықтардың уылдырық шашатын орындарында, су айдындарының жағалау аймақтарында және көлік бағыттарында кешенді рейд өткізді.
– Іс-шара барысында 100-ден астам рейд жүргізілді. Нәтижесінде 85 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар балық ресурстарын заңсыз аулау мен айналымына қатысты үш қылмыстық іс тіркелді, – деп хабарлады ШҚО ПД өкілдері.
Мәселен, Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінің жағалауында заңсыз балық аулаумен айналысқан жергілікті тұрғын ұсталды. Одан моторлы қайық пен шамамен 55 келі көксерке тәркіленді. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
ШҚО Полиция департаментінде табиғи байлықтарды сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін еске салды.



