Жаңалықтар

«Қауіпсіз жаз»: өрттердің және балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстар

2026 жылғы 9 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қауіпсіз жаз»: өрттердің және балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстар» тақырыбында брифинг өтті.

Спикер ретінде Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Самиев Чингиз Шайдулаевич сөз сөйледі.

Брифинг барысында жазғы кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу және өрт қауіпті кезеңдегі профилактикалық жұмыстардың барысы туралы ақпарат берілді.

Спикердің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері Ұлытау облысында балалардың терезеден құлау фактілері тіркелмеген. Алайда 2025 жылы мұндай 15 оқиға орын алып, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған.

Балалардың терезеден құлауының негізгі себептері – ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы және терезелерге қорғаныс құралдарының орнатылмауы. Осыған байланысты облыста «Қауіпсіз терезе» акциясы жалғасуда.

Акция аясында ТЖД бастамасымен және «Inlaw.kz» халықаралық заң компаниясы мен «АлюмСтройПласт» ЖШС қолдауымен көпқабатты үйлерде тұратын көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың пәтерлеріне терезе блокираторлары орнатылуда. Бүгінгі күні 40 блокиратор орнатылып, алдағы уақытта олардың санын 200-ге дейін жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақ және орыс тілдерінде 10 анимациялық бейнеролик әзірленіп, медициналық, әлеуметтік және білім беру мекемелерінде ескерту материалдары орналастырылды. 43 нысанда профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, 700-ден астам адам қамтылды.

Брифингте өрт қауіпті кезеңдегі жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Өңірде өрт қауіпті маусым 2026 жылғы 6 сәуірден басталды. «Қазгидромет» мәліметтері бойынша биыл жоғары өрт қаупі сақталады.

Өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың отырыстары өткізілді, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы күшейтілді, жанар-жағармай қорлары құрылды және қажет болған жағдайда авиация тарту мәселелері пысықталды.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 21 ақпараттық жарияланым мен сөз сөйлеу ұйымдастырылған.

Өңірде орманды-дала алқаптарында рейдтік іс-шаралар өткізу үшін 11 мобильді топ құрылған. Барлығы 19 рейд өткізіліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен де жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Өрт қауіпсіздігі бойынша 16 нұсқама өткізіліп, ауыл шаруашылығы техникаларының техникалық жай-күйі тексерілді.

Сонымен қатар өрттердің таралуын болдырмау мақсатында минералдандырылған жолақтарды жасау жұмыстары толық көлемде орындалды. Ұлытау ауданында жоспарланған 502 шақырым, Жаңаарқа ауданында 217,8 шақырым минералдандырылған жолақтар салынды.

Брифинг қорытындысында тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button