ҚҚС төлеушілеріне арналған жаңа ережелер: ШҚО бойынша МКД мамандарының түсіндірмелері

Қазақстанда 2026 жылдан бастап медициналық қызметтерге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға (ҚҚС-тан босатылғандарын қоспағанда) қосылған құн салығының (ҚҚС) төмендетілген мөлшерлемесі – 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болып белгіленді.
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды өткізу мен импорттау, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу қызметтері ҚҚС-тан босатылады.
– 1 қаңтардан бастап тұрғын үйді сату немесе жалға беру кезінде қолданылған ҚҚС бойынша жеңілдік алынып тасталды. Пәтерлерді ҚҚС-тан босату нормасының күшін жою ҚҚС бойынша салықтық есепті жеңілдетіп, осы саладағы салықтық әкімшілендіруге жұмсалатын ресурстарды қысқартуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ШҚО бойынша МКД мамандары.
Сондай-ақ, ішкі туризм бойынша туроператорлардың қызметтері, отандық басылым кітаптарын өткізу, баспа түріндегі кітаптарды шығару қызметтері және археологиялық жұмыстар бойынша айналымдар ҚҚС-тан босатылады.
Бұдан бөлек, ҚҚС декларациясын ұсыну мерзіміне шектеу енгізілді. Енді декларацияны күнтізбелік тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес және тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тапсыру қажет.
– Сондай-ақ, жалпы салық салынатын айналымдағы нөлдік мөлшерлемемен жүзеге асырылатын айналым үлесі кемінде 50% болатын барлық санаттағы салық төлеушілер үшін ҚҚС-ты жеңілдетілген тәртіппен қайтару мүмкіндігі қарастырылды. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда ҚҚС қайтару мерзімі 55 жұмыс күніне дейін қысқартылды, – деп хабарлады ШҚО бойынша МКД мамандары.
Сонымен қатар елімізде алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарына салынатын акциз мөлшерлемелері 10%-ға ұлғайтылды. Сондай-ақ, құны литріне 500 мың теңгеден асатын импорттық алкоголь өнімдеріне кедендік құнының 10%-ы мөлшерінде акциз енгізілді.
Биылғы жаңашылдықтардың бірі – энергетикалық сусындарға акциз мөлшерлемесінің енгізілуі. Ол бастапқыда литріне 100 теңге көлемінде белгіленіп, алдағы бес жыл ішінде кезең-кезеңімен литріне 240 теңгеге дейін өседі.



