banner
Жаңалықтар

«Заң және жастар»: ШҚО-да құқықтық сауаттылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

2026 жылғы 29 шілдеде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Заң және жастар» атты ашық диалог алаңы өтті.

Іс-шараға спикер ретінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полицияның аға лейтенанты Қалиақпаров Мади Маратұлы және Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ержанқызы Аяжан қатысты.

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері қатысушылармен заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, заң талаптарын құрметтеуге және әр азаматтың жеке жауапкершілігінің маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Спикерлер азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заң талаптарын сақтау және белсенді азаматтық ұстаным қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларға тәжірибеден нақты мысалдар келтіріліп, қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ұсынымдар берілді.

Іс-шара соңында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты жауап алды. Осындай диалог алаңдарын өткізу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайтуға және «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button