«Заң мен тәртіп»: ШҚО полициясы адам саудасына қарсы пойыздағы ауқымды профилактикалық акция өткізді

Шығыс Қазақстан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында адам саудасының алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды. «Адам саудасы – ауыр қылмыс» атты ақпараттық науқанды Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өткізіп, оның негізгі мақсаты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам саудасының қауіптері туралы хабардар ету және мұндай қылмыстардың алдын алу болды.
Акция Өскемен – Семей – Астана бағытында қатынайтын жолаушылар пойызында ұйымдастырылды. Бірнеше сағатқа созылған рейс барысында пойыз вагондары құқықтық түсіндіру жұмыстарының алаңына айналып, тәртіп сақшылары жолаушылармен тікелей кездесіп, адам саудасының негізгі белгілері, оның алдын алу жолдары және күмәнді жағдайларда қалай әрекет ету керектігі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Полицейлер тек пойыз ішіндегі жұмыстармен шектелген жоқ. Әрбір ірі аялдама кезінде олар теміржол вокзалдарына шығып, күту залдары мен перрондарда жолаушылармен кездесулер өткізді. Азаматтарға адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың жиі қолданатын әдістері түсіндіріліп, жалған жұмыс ұсыныстары, жоғары жалақы туралы хабарландырулар, шетелде оңай табыс табуға шақыратын күмәнді ұсыныстар және интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақ болу қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар тұрғындарға қауіпсіз еңбекке орналасу қағидалары, шетелге шығар алдында құжаттарды мұқият тексеру, жұмыс беруші туралы толық ақпарат алу және жеке бас құжаттарын бөтен адамдарға бермеу қажеттігі жөнінде кеңестер берілді.
Өскемен, Семей және Астана қалаларын байланыстыратын бұл теміржол бағыты оннан астам ірі станцияны қамтиды. Транзиттік жолаушылар легін ескере отырып, акция барысында мыңға жуық азамат қамтылып, бірнеше өңірдің тұрғындарына адам саудасының алдын алу жөніндегі маңызды ақпарат жеткізілді.
Профилактикалық іс-шараға полиция қызметкерлерімен қатар қоғам белсенділері де қатысты. Акция барысында екі мыңға жуық ақпараттық жадынама мен арнайы буклеттер таратылып, жүздеген профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қатысушылар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, адам саудасына қатысты құқықтық жауапкершілік, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек және құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Полиция қызметкерлері адам саудасы көбіне ашық күш қолданудан емес, адамдардың сеніміне кіруден басталатынын ерекше атап өтті. Қылмыскерлер әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және интернет-платформаларды пайдаланып, жоғары жалақы, тегін баспана немесе шетелде тиімді жұмыс ұсынатын жалған хабарландырулар жариялайды. Мұндай ұсыныстардың артында еңбек қанауы, мәжбүрлі еңбек немесе адамды заңсыз пайдалану қаупі болуы мүмкін.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтарды кез келген жұмыс ұсынысын мұқият тексеруге, келісімшартсыз жұмысқа келіспеуге, жеке құжаттарын бөгде адамдарға тапсырмауға және жақындарына өздерінің қайда баратыны туралы міндетті түрде хабарлап отыруға шақырады.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті адам саудасына қарсы күрес құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар өңірде тұрақты түрде жалғасып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды бейжай қалмауға шақырады. Егер сізге адам саудасына қатысты қандай да бір деректер белгілі болса немесе күмәнді жағдайларға куә болсаңыз, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. Құқық қорғау органдарының айтуынша, дер кезінде берілген ақпарат адам саудасының алдын алып, бір немесе бірнеше адамның өмірі мен бостандығын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.


