ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Отбасы – әр адам өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінуге тиіс орта. Күш көрсету, қорқыту, қорлау, психологиялық қысым жасау немесе адамның қаражаты мен мүлкін әдейі шектеу – қалыпты отбасылық қарым-қатынас емес, заңмен қорғалатын адамның құқықтарына қол сұғу болып табылады.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Сондай-ақ Ата Заңда «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі ретінде белгіленген.
Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №245-VIII Заңымен реттеледі. Заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және экономикалық қысым түрінде көрінуі мүмкін. Жәбірленушілерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы шаралар қарастырылған.
Сонымен қатар заңнамада зорлық-зомбылық жасаған тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін, ал 109-1-бабында ұрып-соғу және тән ауруына ұшыратқан өзге де күш қолдану әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты «отбасының ішкі мәселесі» деп қабылдауға болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алу – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Зорлық-зомбылыққа куә болған немесе қысымға ұшыраған жағдайда 102 нөмірі арқылы полицияға, ал отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
«Заң мен Тәртіп» – бұл заңды сақтау ғана емес, адамның құқықтары мен қауіпсіздігіне құрметпен қарау, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік таныту және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.



