ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК

Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн-банкинг, мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдалану жаңа мүмкіндіктермен қатар азаматтардың дербес деректері мен қаржылық қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді де арттырады.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 21-бабында жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпия, сондай-ақ дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану кезінде қорғау құқығына кепілдік берілген. Хат-хабарлар, телефон арқылы сөйлесулер және байланыс құралдары арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы да заңмен қорғалады.
Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі цифрлық ортадағы адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды негізгі қағидаттардың бірі ретінде белгілейді. Кодексте цифрлық технологияларды пайдалану адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу, ашықтық, жауапкершілік және цифрлық әдеп талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екені көрсетілген.
Интернеттегі алаяқтық та заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабында алаяқтық үшін, ал 205-бабында заңмен қорғалатын ақпаратқа құқыққа сыйымсыз қол жеткізгені үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Сонымен қатар 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша дропперлікке – банк картасын, шотын немесе төлем құралдарын заңсыз операциялар жасау үшін үшінші тұлғаларға беруге байланысты әрекеттерге жауапкершілік енгізілді.
Азаматтардың дербес мәліметтері «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңмен де қорғалады. Сондықтан ЖСН, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, парольдерді және өзге де құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеу маңызды. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау және телефон арқылы өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адамның талабымен ақша аудармау – киберқауіпсіздіктің қарапайым, бірақ маңызды қағидалары.
Интернеттегі қауіпсіздік – тек техникалық мәселе емес, әр азаматтың құқықтық және цифрлық сауаттылығының көрсеткіші. «Заң мен Тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де заң талаптарын сақтау, өзгенің құқығы мен жеке мәліметтеріне құрметпен қарау және киберқылмысқа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды білдіреді.
Цифрлық қауіпсіздік – жеке қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Деректеріңізді қорғаңыз, күмәнді әрекеттерге сақ болыңыз және интернетте заң талаптарын сақтаңыз.



