Жаңалықтар

Ұлытауда полицейлер арасындағы тәлімгерлік жұмыстың маңызы талқыланды

Ұлытау облысы Полиция департаментінде жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына бағытталған тәлімгерлер кездесуі өтті. Жиында тәжірибелі мамандардың жас буынға қолдау көрсетуі мен қызметтік ортаға бейімдеу мәселелері талқыланды.

 

Тәлімгерлік – ішкі істер органдарындағы кәсіби сабақтастықтың маңызды тетіктерінің бірі. Жас қызметкердің қызметке алғаш қадам басқан кезеңінде оның жанынан тәжірибелі маманның болуы кәсіби дағдыларын қалыптастырып, жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

 

Кездесу барысында жас мамандарды қызметке бейімдеу, практикалық тәжірибесін жетілдіру, қызметтік тәртіпті сақтау және кәсіби шеберлігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 

Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарманың басшысы Алдияр Әбішев тәлімгерлердің міндеті тек тәжірибемен бөлісумен шектелмейтінін атап өтті.

 

– Әрбір жас қызметкерге дұрыс бағыт-бағдар беру, оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсету – тәлімгердің басты міндеттерінің бірі. Тәжірибелі қызметкердің білімі мен күнделікті қызметтегі үлгісі жас маман үшін үлкен мектеп, – деді Алдияр Әбішев.

 

Кездесу барысында тәлімгерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас қызметкерлермен жұмысты тиімді ұйымдастыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар қызметтік міндеттерді сапалы орындауға, заңдылық пен тәртіп талаптарын қатаң сақтауға басымдық берілді.

 

Полиция қызметіндегі кәсіби шеберлік пен жауапкершілік тәжірибе арқылы қалыптасады. Осы ретте тәлімгерлік институты аға буынның жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға жеткізіп, қызметтік дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Ұлытау облысы Полиция департаментінде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button