Жаңалықтар

«Заң мен тәртіп»: Шығыс Қазақстан жастары зияткерлік додада бақ сынады

Шығыс Қазақстан облысында жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған «Не? Қайда? Қашан?» облыстық зияткерлік турнирі өтті.

 

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ұйымдастырылған іс-шара Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Шығыс Қазақстан облысы жастарының зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілді.

 

Зияткерлік додаға облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 10–11 сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының I–II курс студенттерінен құралған 20 команда, барлығы 100 жас қатысты.

 

Турнирдің басты мақсаты – жастардың зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, олардың бойында жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет және қоғамдық тәртіп сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Себебі «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқықтық талаптарды сақтау емес, ең алдымен әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.

 

Сайыс барысында қатысушылар түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімін, тапқырлығын, логикалық ойлау қабілетін және жылдам шешім қабылдау дағдыларын көрсетті. Командалар үшін әр кезең ортақ пікірге келуді, ақпаратты талдауды және уақытты тиімді пайдалануды талап етті.

 

Осындай зияткерлік алаңдар жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың пікір алмасу, өз ойын дәлелдеу және қарсы пікірді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қасиеттер қазіргі қоғамда белсенді әрі жауапты азамат қалыптастыру үшін маңызды.

 

Турнир барысында командалар арасында тартысты бәсеке орнап, жастар жоғары белсенділік танытты. Нәтижесінде Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің оқушыларынан құралған «Әділет жастары» командасы жеңімпаз атанды.

 

Іс-шараның атауы мен мазмұнының өзі жастар арасында заңды құрметтеу, әділеттілік пен тәртіпті сақтау құндылықтарын нығайтудың маңызын көрсетеді. Мұндай бастамалар жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, зияткерлік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға жол ашады.

 

Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру – қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет. Ал бұл жұмыста жастардың орны ерекше. Білімді, саналы және жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі.

 

Шығыс Қазақстанда жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін қолдауға, азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Турнирге қатысқан барлық жастарға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, жеңімпаздарды лайықты жеңісімен құттықтаймыз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button