«Таза Қазақстан»: шығысқазақстандықтар Дүниежүзілік тазалық күнінде сенбілікке шықты

Күллі әлем халқы табиғатты аялауға шығатын халықаралық тазалық күнінде Өскеменде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында дәстүрлі сенбілік өтті. Игі бастамаға 700-ден астам адам қатысып, қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты.
Сенбілікке жоғары оқу орындары мен колледждердің 200-ге жуық студенті, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, блогерлер мен БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен коммуналдық сала мамандары қатысты.
Акция барысында Қазыбек би көшесі мен І. Есенберлин даңғылының қиылысындағы «Тәуелсіздік монументі» аумағына, сондай-ақ Қабанбай батыр ескерткіші маңына биіктігі 1,5–2 метр болатын 250 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Көгалдандыру жұмыстарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты.
– Әрбір таза аула, әрбір көрікті көше мен саябақ – баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Осы игі бастамаға белсене атсалысып отырған барша азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Әсіресе, жастардың белсенді қатысуы ерекше қуантады, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Аманұлы. – Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 2021-2027 жылдары 2 млрд ағаш отырғызу көзделген. Осы ауқымды міндет аясында Шығыс Қазақстан облысында 2027 жылға дейін 76 млн көшет отырғызу жоспарланған.
Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстанда 40 млн-нан астам көшет отырғызылған. Ал биылдың өзінде 1,5 мың гектар аумаққа 6,1 млн көшет егілген.
Сенбілікке қатысушылардың бірі Қабылбек Аңғышбаевтың айтуынша, мұндай бастамалар қаланы көркейтіп қана қоймай, жастарға ұлттық құндылықтарды танытуға мүмкіндік береді.
– Жібек маталар комбинаты ауданындағы Үш бидің алаңына ағаштар отырғызып жатырмыз. Бүгінгі науқан жастарға халқымыздың әдет-ғұрпы мен салтын паш етеді. Оларға үлгі болады, – деді ол.
Облыс аумағын абаттандыру, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал бүгін егілген әрбір көшет – қаланың ертеңгі келбетіне қосылған үлес. Уақыт өте тамыр жайып, саялы ағашқа айналғанда, оның түбінде осы күнгі ортақ еңбектің ізі қалмақ.



