Мәдениет
Түркістанда балалар би байқауы өтті
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай және «Бал таңдай» облыстық балалар арасындағы өнер фестивалі аясында Түркістан облысы мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы «Кел, билейік!» би байқауын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Керуен Сарай» туристік кешенінде өткен байқауға облыстағы барлық аудан, қалалардың мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жолдамалары бойынша екі би ұжымы, Түркістан қаласынан алты би ұжымы, (Сауран ауданы аталған байқауға қатысушы ұжым жоқтығын мәлімдеп, өнер байқауына қатыспады) барлығы 26 ұжым қатысып, бақ сынады. Оған ҚР Мәдениет қайраткері, «Би сұлтан» би ансамблінің балетмейстері Г. Тәуекелова, Мәдениет саласының үздігі, «Яссы» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қ.Тәукеев, Түркістан музыкалық драма театрының балетмейстері Д.Мұратпеков төрелік етті.
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры М.Алиакбаров ашып, өнер фестивалі биылғы “Балалар жылы” аясында жыл соңына дейін суретшілер, термешілер, эстрадалық ән салу байқаулары ұйымдастырылып жалғасатынын айтып өтті. Сонымен қатар, барлық қатысушы би ұжымына сәттілік тіледі. Байқауды қорытындысы бойынша келесі ұжымдар марапатталды: Бас жүлде – «Балауса» би ансамблі (Қазығұрт ауданы); І орын – «Ақкербез» би ұжымы (Сайрам ауданы), ІІ орын – «Фараб» би ұжымы (Отырар ауданы), «Ай жұлдыз» би ұжымы (Келес ауданы); ІІІ орын – «Наз» би ұжымы (Қазығұрт ауданы), «Тұмар» би ұжымы (Түркістан қаласы), «Грация» би ұжымы (Кентау қаласы). Сонымен қатар төрт ұжым байқау дипломанты аталып, жалпы би ұжымдары алғыс хаттарға ие болды. Соның ішінде барлық қатысушы үміткерге мерекеге орай тәтті балмұздақ үлестірілді.