Жаңалықтар

Артықшылықтары — отандық өндірістің дамуы мен жұмыс орындарының сақталуы

Ішкі нарықты қорғау — бұл мемлекеттің экономикасына шетелдік бәсекелестіктен қорғау мақсатында қабылдайтын шаралары. Мұндай шараларға мыналар жатады:
Кеден тарифтері: Шетелдік тауарларға салықтар енгізу арқылы ішкі өнімдерге артықшылық беру.
Квоталар: Шетелден әкелінетін тауарлардың көлемін шектеу.
Лицензиялау: Белгілі бір тауарларды импорттау үшін рұқсатнама беру.
Субсидиялар: Ішкі өндірушілерге қаржылай көмек көрсету арқылы олардың бәсекелестік қабілетін арттыру.
Техникалық стандарттар: Шетелдік тауарларға қойылатын талаптарды күшейту.

Ішкі нарықты қорғаудың артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Артықшылықтары — отандық өндірістің дамуы мен жұмыс орындарының сақталуы, ал кемшіліктері — бәсекелестіктің төмендеуі мен тұтынушылардың таңдауының шектеулі болуы. Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Осы ретте Түркістан қаласының тұрғындарының назарына еліміздегі ішкі нарықты қорғау шараларын ұсынамыз.
Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Тағы бір тоқтала кетер жайт: елімізде өндірілмейтін технологиялық жабдықтардың импортын есепке алу әдісімен қосылған құн салығын төлеу бойынша жеңілдік 3 жылға ұзартыл¬ды. Ол дегеніміз не? Бізде станок құрас¬тыру, технологиялық линия, автомати¬зация, роботизация деген жоқ қой. Осы технологияларды әкелген инвесторлар, яки шетелдік не өзіміздің кәсіпкерлер, басында ақылға сыймайтын кедергілерге тап болып жүрді. Біз оларға сол техникасы үшін «салық төле» дейтін едік. Соған шамданған олар: «Сіздер қызықсыздар, инвестиция әкеліңіздер деп шақырасыздар да, сосын келіп өздеріңізде шықпайтын құрал-жабдықтардан салық аласыздар. Бұл сіздердің игіліктеріңіз үшін емес пе? Мұндай үрдіс Ресейде де, Өзбекстанда да жоқ» дейтін. Сондықтан Президент бұл мәселенің басы ашылғанша уақытша сынақ ретінде бұл салықты алғызып тастады. Басқадай да жеңілдіктер жасап, түрлі кепілдік беріп отыр.
Сондай-ақ индустриялық сертификаты бар отандық тауар өндірушілерге келесідей жағдайларда басымдық берілетін болды. Олар – ұлттық режимнен алып тастау тетігі арқылы мемлекеттік сатып алуларда, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның сатып алуларында және қатты пайдалы қазба¬ларды өндіретін жер қойнауын пайдалану¬шылардың тауар биржалары арқылы жүзеге асырылатын сатып алуларында.
Осы тұста ерекше назар аударта кететін нәрсе: Жол картасында машина жасау өнімінің көлемін 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2025 жылға қарай 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту міндеті қойылған болатын. Енді осы тұста біреулер: «Бұл теңгемен ғой, ол бірнеше рет девальвация болды ғой» деп айтуы мүмкін. Бұл дегеніміз – нағыз шынайы жағдайдың көрсеткіші. Одан бөлек, нақты көлем индексі деген санат бар, яки нақты көлем индексі (ИФО), ол 1,9 есеге өсті. Бұл санат ақшамен есептелмейді, тауардың саны мен сапасына қарай өлшенеді. Мәселен, шартты түрде айтқанда, бұған дейін 336 тепловоз шыққан болса, қазір олардың саны 500-ге жетті. Автомобиль бұрын 30 мың шықса, қазір 90 мыңға жетті. Бұл – экономиканың нақты көрсеткіші. Осылайша, соңғы 4 жылда өзімізде өнді¬ріл¬ген өнім көлемі 3 есеге артты. Ал 2023 жылғы 8 айда нақты көлем индексі 128%-ға жетті. Мұндай нәтижелерге Президенттің жеке қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпы алға қойған міндеттердің қысқа уа¬қытта орындалғаны қуантады. Бұл саланы жандыра түсу жаңаша бір деңгейге шық¬қанын көрсетсе керек. Ендігі жоспарға тоқталсақ. Машина жасау саласының осы уақытқа дейінгі ахуалына талдау жасау жүйелі сипаттағы бірқатар тежегіш фактордың бар екенін көрсетті. Олар – негізгі құрал¬дардың тозуының жоғары деңгейі, салық¬тық ынталандырудың жеткіліксіздігі, қол жетімді қаржы құралдарының жетіспеу¬шілігі, реттелетін сатып алулардағы отандық өнімнің төмен үлесі, жоғары білікті мамандардың тапшылығы және тағы басқалар. Мәселен, саладағы негізгі құралдар жаңартуды қажет етеді. Жаңағы айтқан 5 мыңнан астам кәсіпорын мен өндіріс орындарындағы машиналар мен жабдықтардың тозу деңгейі – 40%, яки жаңарту немесе қайта құруды қажет етеді. Салық жүйесі қосылған құны жоғары өнім өндіруді жеткілікті түрде ынталандыр¬майды: дайын өнім мен шикізат өндіру¬шілер ҚҚС-ты бірыңғай 12%-дық мөл¬шер-лемемен төлейді. Оның үстіне, 2025 жылдан бастап оны 16%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл отандық бизнесті тұншықтыра түсуі мүмкін деп санаймыз. Сондай-ақ, қол жетімді қаржы ресурстары тапшы. Оның негізгі себептері: екінші деңгейлі банктердің бизнесті кредиттеу ставкалары жоғары – 19,5-27% аралы¬ғында, кәсіпорындардың қарызға, яки кредитке батып отырғаны және кепіл базасының болмауы. Реттеуге жататын сатып алулар шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау жеткіліксіз. Тағы бір айта кететін жайт: білікті кадрлардың тапшылығы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауы бойынша 2024-2028 жылдары біздің саланың кадрларына жалпы сұраныс 7 мыңнан асқан.
Осы жағдайды ескере отырып, Маши¬на жасаушылар одағы саланы одан әрі дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеу туралы бастама көтерді. 2022 жылдың желтоқсанында бұл ұсынысты Мемлекет басшысы қолдады. 2023 жылдың бірінші жартысында Үкіметпен бірлесіп, машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспар жобасы әзірлен¬ді. Құжат 7 бағыт бойынша 80 іс-шарадан тұрады. Сондай-ақ түрлі талқылау бары¬сын¬да, соның ішінде машина жасаушы¬лардың 2023 жылы мамыр айында өткен ХІ форумы аясында, бизнестен келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, бірқатар мақсат-міндет айқындалды. Олар – саланы дамыту үшін базалық жағдайларды жақсарту, отандық машина жасау өнім¬дерін ілгерілетуге жәрдемдесу, саланың басым секторларын дамытуға септік ету. Сонымен қатар экспорттық орташа есептелген бағадан жеңілдік бере отырып, бастапқы шығын материалдарымен, яки қара және түсті металдардан жасалған өнімдермен, сондай-ақ мұнай-химия өнімдерімен, яки полипропилендермен қамтамасыз етуде басымдық беру тетігін қолданысқа енгізу қарастырылып отыр.
Осы ретте арнайы айта кетер бір жайт: кешенді жоспарда машина жасау саласы¬ның жобаларын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының желісі арқы¬лы 600 млрд теңге көлемінде жеңіл¬дік¬¬ті қаржыландырумен қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Сонымен бірге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы екінші деңгейлі банктерде алынған кредиттерді субсидиялау және кепілдік беру жолымен шағын және орта бизнесті қолдау қарастырылған. Білікті кадрлармен қамтамасыз ету және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ-мыс¬тарды дамыту бойынша шетелдік кәсіпорындарда инженерлік-техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар және гранттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми-техникалық жобаларды жыл сайын іске асыру көзделген. Машина жасау өнімін жер қойнауын пайдаланушыларға, табиғи монополиялар субъектілері және жүйе құраушы кәсіпорындарға өткізуді ынта¬лан¬дыру шеңберінде елішілік құндылықты арттыру бағдарламаларын әзірлеу, ұзақ¬мерзімді шарттар мен офтейк-келісім¬шарттар жасасу, өңдеу өнеркәсібі кәсіп¬орындарын бастапқы шығын материал¬дарымен қамтамасыз ету жөніндегі міндет¬темелер енгізілетін болады. Саланың жекелеген секторларын дамытуды ынта¬лан¬дыру үшін секторлық нүктелік шаралар көзделген. Сондай-ақ келесі көрсеткіш¬терді арттыра түсу мақсаты қойылып отыр. Олар – жалпы қосылған құн (ВДС) көлемін 2021 жылғы 1,3 трлн теңгеден, 2028 жылы 6 трлн теңгеге дейін жеткізу, өндіріс көлемін 4,5 есе өсіру, яки 11-12 трлн теңгеге дейін арттыру, нақты көлем индексін (ИФО) жылына 10%-дан кем емес, экспорт көлемін 3 есе көбейту.
Бүгінде кешенді жоспардың жобасы барлық орталық мемлекеттік органмен келісіліп, Үкіметтің қарауына енгізілді. Мемлекет басшысы реттелетін сатып алуларда отандық тауарлардың көлемін ұлғайту және офтейк жүйесін толыққанды іске қосу маңызды екенін атап өткен болатын. Отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін кем дегенде 10%-ға дейін жеткізу қажет. Бұл дегеніміз жыл сайын 2 триллион теңге ел игілігіне жұмсалуына сеп болмақ. Қойылған мін¬дет¬тер 3 жыл ішінде орындалуы тиіс. Алай¬да оның ішіндегі бірқатар стратегия-лық маңызды мәселені іске асыру ұзақ мерзімді алатыны да түсінікті жайт. Өз кезе¬гінде Қазақстан машина жасаушылар одағы саланы одан әрі жаңғыртуға, отандық өндірушілерді қолдауға және елдің өңдеу секторын жедел дамытуға бар күш-жігерін салатын болады.
Сөз соңында айтарымыз, 30 жылда машина жасау саласын дамыту барысында біз 1 трлн теңгенің өнімін өндіруге әрең қол жеткізген болсақ, соңғы 3-4 жылда-ақ Президенттің тікелей қолдауының арқасында оны 3 есеге өсіре алдық. Оның үстіне, бұл нақты өсім екенін атай кеткен жөн. Қазақстандық үлес артты, тауардың саны көбейіп, сапасы күшейді. Ендеше осы деректің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button