Жаңалықтар

Қаржы нарығы қандай өзгеріске мұқтаж?

Реформаларды жиі қажет ететін сала – қаржы нарығын тағы да тосын өзгерістер күтіп тұрған сияқты. Арнайы брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жаңашылдықтарды рет-ретімен түсіндірді. Соның бірі – стрестік активтерді сау­далайтын цифрлық платформаның жыл соңына дейін пайдалануға берілетіндігі.
Стрестік активтерді сататын платформа ашылады

Ендігі кезекте банктердің, банк операцияларының жекелеген түрін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржы ұйымдары стрес­тік активтерді міндетті түрде агент­тік әзірлеген цифрлық плат­фор­малар арқылы сатуға тиіс. Бұл Президент қол қойған заң­мен бекітілді. Құжат банк секторы­ның стрестік активтерін одан әрі төмен­детуге бағытталған және стрес­тік активтерді сатуға арнал­ған нарықтық инфрақұрылымды құруды оларды экономика­лық айналымға тартуды көздейді.

«Заң жобасы бойынша жұмыс 2023 жылы басталды. Стрес­тік активтердің қайталама нарығы­ның инфрақұрылымын жетіл­діру үшін «KPMG» және «Dentons» халық­аралық консультант­тары­ның қатысуымен Еуропа қай­т­а құру және даму банкінің (ЕҚҚД) техникалық көмегі тартылды. Халықаралық тәжірибені талдау және елімізде бар цифрлық платформаларды егжей-тегжейлі зерттеу бірыңғай талаптарды қанағаттандыратын бірнеше цифрлық платформалардың жұмыс істеуін көздейтін гибридтік тәсілді қолдану орынды болатынын көрсетті», дейді Мәдина Әбілқасымова.

Платформалардың алғашқы прототиптері дайын және сы­нақ режімінде жұмыс істеп тұр. Әле­уетті операторлар цифр­лық плат­формалардың функционалдық мүмкіндіктерін заң жобасының нормаларына сәйкес келтіріп жатыр, оның ішінде стрестік активтер­дің толық аясын сату мүмкіндігін қамтамасыз етпек.

2017 жылдан бері стрестік актив көлемі 7,7 трлн теңгеден 3 трлн тең­геге дейін қысқарды. 2020 жыл­­дан бастап 13 ірі банк жұ­мыс істемейтін активтерді 2026 жылға қарай 1 трлн теңгеге дейін төмен­дету бойынша жоспарды іске асырып жатыр. Соның нәтижесінде экономикаға 621 млрд теңге сомасындағы актив оралады.

Отандық рейтинг агенттігі құрылады

Брифингте мәлім болған тағы бір жаңалық – ұлттық рейтинг агенттігінің құрылуы. Агент­тік қаржы нарығының инфрақұ­рылымын одан әрі дамыту мақ­сатында Ұлттық рейтингтік агент­тік туралы заң жобасын әзірле­ген. Құжат отандық кредиттік рей­тингтік агенттікті құру үшін заңнамалық негіз болады. Жобаны дайындау кезінде Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халық­аралық ұйымының (IOSCO) кре­диттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне қатысты ұсынымдары пайдаланылған.

Заң жобасы шеңберінде рей­тингтік агенттік қызметінің негізгі қағи­даттары, корпоративтік бас­қаруға, рейтингтік қызметті ұйым­дастыруға, мүдделер қақты­ғы­сын басқаруға, ақпаратты жария­лауға қойылатын талаптар және IOSCO кредиттік рейтингтік агенттіктерінің кәсіптік іс-қимыл кодексіне сәйкес басқа да талаптар белгіленеді.

«Отандық рейтингтік агент­тік нарықты сапалы, объектив­ті және қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін қажет. Мұндай рейтингтік агент­тіктің пайда болуы облига­циялар нарығы арқылы эконо­миканың нақты секторын қаржы­ландыруды кеңейтуге, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін тө­мен­детуге, сондай-ақ несие тәуе­келдерін тәуелсіз бағалау саласында құзыреттер орталығын құруға мүмкіндік береді», деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Рейтингтік агенттіктің қатысу­шы­лары отандық қаржы ұйым­дары, қаржы нарығының инфрақұ­рылымдық ұйымдары, даму инс­титуттары болады деп күтіледі. Қазір шетелдік рейтингтік агент­тіктердің қазақстандық рей­тингтік агенттіктің страте­гиялық серіктесі ретінде қатысуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы заң жобасын Парламентке 2024 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланған.

Қазір еліміздегі рейтинг қыз­меті нарығында «S&P», «Moody’s» және «Fitch» халықаралық рей­тинг­­­тік агенттіктері бар. Соны­мен бірге агенттік басқарма­сы­ның 2023 жылғы 31 шілдедегі №67 қау­лысымен біліктілік өлшем­шарт­тары негізінде шетел­дік рей­тингтік агенттіктерді тану рәсім­дері қабылданды. Осы рәсім­ге сәйкес аса ірі ресейлік кредиттік рей­тинг­тік агенттіктері ТКРА мен Экс­перт РА танылды, олар белгі­ленген өлшемшарттарға сәйкес­тігін растаған. Бұл ретте ЕАЭО кеңістігінде бүгінде 5 кредиттік рейтингтік агенттік жұмыс істейді (4 ресейлік, 1 белорусьтік).

Бөлшек инвесторлардың мүмкіндігі көбейеді

Ұжымдық инвестициялар нары­ғын дамыту мақсатында агент­тік Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) және қар­жы нарығының жетекші сарап­шы­ларымен бірлесіп, инвести­ция­лық және венчурлік қорлар туралы заң жобасын әзірлеу бо­йынша да жұмыс жүргізіп жатыр. Заң жобасын әзірлеу кезінде инвестициялық және венчурлік қорлардың қызметін реттеудің озық халықаралық тәжірибесі, оның ішінде Еуропалық одақ, АҚШ, Ұлыбритания және Марокко елдерінде қолданылатын «UCITS» және «AIF» қорларының тұжырымдамасы пайдаланылды.

Құжатта бөлшек инвестор­лар­д­ың инвестициялық мүмкіндік­терін арттыру, ұжымдық инвестициялар нарығындағы тәуекелдерді барынша азайту және оның ашықтығын арттыру үшін үш ережені енгізу көзделген.

«Біріншіден, капиталды тарту көздерін кеңейту мақсатында кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда қор құру мүмкіндігі көзделе­ді. Қолданыстағы заңнамада қор­ды тек екі ұйымдық-құқықтық нысанда құру көзделеді – инвести­ция­­лық пай қоры және акцио­нер­лік инвестициялық қор. Заң қабыл­данғаннан кейін құрылтайшылар кез келген нысанда, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серік­тестік, сенім серік­тестігі және қарапайым серік­тестік қорларын ашуға мүмкіндік алады», дейді.

Екіншіден, инвестордың біліктілігіне қарай қорлардың жаңа жіктемесі белгіленбек. Қор­лар екі санатқа бөлінеді – баға­­лы қағаздарға инвестиция­лау қорлары және баламалы ин­вес­­тициялау қорлары. Баға­лы қағаз­дарға инвестициялау қор­лары­ның активтеріне қолжетім­ділікті білікті және біліктілігі жоқ ин­весторлар қамтамасыз етеді, өйт­кені олар өтімділігі жоғары және тәуекелі төмен құрал­дарға орналастырылады. Өз кезе­гінде баламалы инвестициялау қор­лары тәуекелді басқару страте­гия­сы­на байланысты білікті инвес­тор­ларға ғана қолжетімді болады.

Үшіншіден, баламалы инвес­тициялау қорларына қатысты транспаренттілікті арттыру үшін уәкілетті органда есептік тіркеу және ақпаратты жария ету бойынша талаптар енгізіледі. Бүгінгі күні есептілікті ұсыну туралы талап бағалы қағаздар нары­ғына кәсіби қатысушыларға, инвес­тициялық пай қорлары­ның және акционерлік инвес­ти­циялық қорлардың активтерін бас­қарушыларға ғана қолда­нылады. Заң қабылданғаннан кейін бұл талап венчурлік қорлар­­ға, тіке­лей ин­вестициялау қорлары­на, тәуе­кел­­дік инвестициялау қор­лары­­на және хедж-қорларға да қолданылады.

Дүниежүзілік банк сарапшы­ларының бағалауынша, заңның қабылдануы үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін шетел­­дік инвесторға түсінікті реттеу­шілік орта құру арқылы ұжымдық инвестициялар нарығының одан әрі дамуына оң әсер етеді. Бүгін­гі күні заң жобасын қаржы нарығы­на қатысушылар қолдады, мүдделі мем­лекеттік органдармен келісіл­геннен кейін агенттік оны Үкі­меттің заң жобалау жұмыстары­ның жоспарына енгізу бойынша іс-шараларға бастама жасайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button