Қаржы нарығы қандай өзгеріске мұқтаж?
Реформаларды жиі қажет ететін сала – қаржы нарығын тағы да тосын өзгерістер күтіп тұрған сияқты. Арнайы брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жаңашылдықтарды рет-ретімен түсіндірді. Соның бірі – стрестік активтерді саудалайтын цифрлық платформаның жыл соңына дейін пайдалануға берілетіндігі.
Стрестік активтерді сататын платформа ашылады
Ендігі кезекте банктердің, банк операцияларының жекелеген түрін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржы ұйымдары стрестік активтерді міндетті түрде агенттік әзірлеген цифрлық платформалар арқылы сатуға тиіс. Бұл Президент қол қойған заңмен бекітілді. Құжат банк секторының стрестік активтерін одан әрі төмендетуге бағытталған және стрестік активтерді сатуға арналған нарықтық инфрақұрылымды құруды оларды экономикалық айналымға тартуды көздейді.
«Заң жобасы бойынша жұмыс 2023 жылы басталды. Стрестік активтердің қайталама нарығының инфрақұрылымын жетілдіру үшін «KPMG» және «Dentons» халықаралық консультанттарының қатысуымен Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚД) техникалық көмегі тартылды. Халықаралық тәжірибені талдау және елімізде бар цифрлық платформаларды егжей-тегжейлі зерттеу бірыңғай талаптарды қанағаттандыратын бірнеше цифрлық платформалардың жұмыс істеуін көздейтін гибридтік тәсілді қолдану орынды болатынын көрсетті», дейді Мәдина Әбілқасымова.
Платформалардың алғашқы прототиптері дайын және сынақ режімінде жұмыс істеп тұр. Әлеуетті операторлар цифрлық платформалардың функционалдық мүмкіндіктерін заң жобасының нормаларына сәйкес келтіріп жатыр, оның ішінде стрестік активтердің толық аясын сату мүмкіндігін қамтамасыз етпек.
2017 жылдан бері стрестік актив көлемі 7,7 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін қысқарды. 2020 жылдан бастап 13 ірі банк жұмыс істемейтін активтерді 2026 жылға қарай 1 трлн теңгеге дейін төмендету бойынша жоспарды іске асырып жатыр. Соның нәтижесінде экономикаға 621 млрд теңге сомасындағы актив оралады.
Отандық рейтинг агенттігі құрылады
Брифингте мәлім болған тағы бір жаңалық – ұлттық рейтинг агенттігінің құрылуы. Агенттік қаржы нарығының инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Ұлттық рейтингтік агенттік туралы заң жобасын әзірлеген. Құжат отандық кредиттік рейтингтік агенттікті құру үшін заңнамалық негіз болады. Жобаны дайындау кезінде Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне қатысты ұсынымдары пайдаланылған.
Заң жобасы шеңберінде рейтингтік агенттік қызметінің негізгі қағидаттары, корпоративтік басқаруға, рейтингтік қызметті ұйымдастыруға, мүдделер қақтығысын басқаруға, ақпаратты жариялауға қойылатын талаптар және IOSCO кредиттік рейтингтік агенттіктерінің кәсіптік іс-қимыл кодексіне сәйкес басқа да талаптар белгіленеді.
«Отандық рейтингтік агенттік нарықты сапалы, объективті және қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін қажет. Мұндай рейтингтік агенттіктің пайда болуы облигациялар нарығы арқылы экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейтуге, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ несие тәуекелдерін тәуелсіз бағалау саласында құзыреттер орталығын құруға мүмкіндік береді», деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Рейтингтік агенттіктің қатысушылары отандық қаржы ұйымдары, қаржы нарығының инфрақұрылымдық ұйымдары, даму институттары болады деп күтіледі. Қазір шетелдік рейтингтік агенттіктердің қазақстандық рейтингтік агенттіктің стратегиялық серіктесі ретінде қатысуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы заң жобасын Парламентке 2024 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланған.
Қазір еліміздегі рейтинг қызметі нарығында «S&P», «Moody’s» және «Fitch» халықаралық рейтингтік агенттіктері бар. Сонымен бірге агенттік басқармасының 2023 жылғы 31 шілдедегі №67 қаулысымен біліктілік өлшемшарттары негізінде шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану рәсімдері қабылданды. Осы рәсімге сәйкес аса ірі ресейлік кредиттік рейтингтік агенттіктері ТКРА мен Эксперт РА танылды, олар белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін растаған. Бұл ретте ЕАЭО кеңістігінде бүгінде 5 кредиттік рейтингтік агенттік жұмыс істейді (4 ресейлік, 1 белорусьтік).
Бөлшек инвесторлардың мүмкіндігі көбейеді
Ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту мақсатында агенттік Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) және қаржы нарығының жетекші сарапшыларымен бірлесіп, инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң жобасын әзірлеу бойынша да жұмыс жүргізіп жатыр. Заң жобасын әзірлеу кезінде инвестициялық және венчурлік қорлардың қызметін реттеудің озық халықаралық тәжірибесі, оның ішінде Еуропалық одақ, АҚШ, Ұлыбритания және Марокко елдерінде қолданылатын «UCITS» және «AIF» қорларының тұжырымдамасы пайдаланылды.
Құжатта бөлшек инвесторлардың инвестициялық мүмкіндіктерін арттыру, ұжымдық инвестициялар нарығындағы тәуекелдерді барынша азайту және оның ашықтығын арттыру үшін үш ережені енгізу көзделген.
«Біріншіден, капиталды тарту көздерін кеңейту мақсатында кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда қор құру мүмкіндігі көзделеді. Қолданыстағы заңнамада қорды тек екі ұйымдық-құқықтық нысанда құру көзделеді – инвестициялық пай қоры және акционерлік инвестициялық қор. Заң қабылданғаннан кейін құрылтайшылар кез келген нысанда, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік, сенім серіктестігі және қарапайым серіктестік қорларын ашуға мүмкіндік алады», дейді.
Екіншіден, инвестордың біліктілігіне қарай қорлардың жаңа жіктемесі белгіленбек. Қорлар екі санатқа бөлінеді – бағалы қағаздарға инвестициялау қорлары және баламалы инвестициялау қорлары. Бағалы қағаздарға инвестициялау қорларының активтеріне қолжетімділікті білікті және біліктілігі жоқ инвесторлар қамтамасыз етеді, өйткені олар өтімділігі жоғары және тәуекелі төмен құралдарға орналастырылады. Өз кезегінде баламалы инвестициялау қорлары тәуекелді басқару стратегиясына байланысты білікті инвесторларға ғана қолжетімді болады.
Үшіншіден, баламалы инвестициялау қорларына қатысты транспаренттілікті арттыру үшін уәкілетті органда есептік тіркеу және ақпаратты жария ету бойынша талаптар енгізіледі. Бүгінгі күні есептілікті ұсыну туралы талап бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларға, инвестициялық пай қорларының және акционерлік инвестициялық қорлардың активтерін басқарушыларға ғана қолданылады. Заң қабылданғаннан кейін бұл талап венчурлік қорларға, тікелей инвестициялау қорларына, тәуекелдік инвестициялау қорларына және хедж-қорларға да қолданылады.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауынша, заңның қабылдануы үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін шетелдік инвесторға түсінікті реттеушілік орта құру арқылы ұжымдық инвестициялар нарығының одан әрі дамуына оң әсер етеді. Бүгінгі күні заң жобасын қаржы нарығына қатысушылар қолдады, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін агенттік оны Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізу бойынша іс-шараларға бастама жасайды.