Экономика
Trending

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков «Отбасылық ферма» жобаларын тексеру үшін Жаңаарқа ауданына жұмыс сапарымен барды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жұмыс сапарымен Жаңаарқа ауданына барып, «Отбасылық ферма» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Сапардың басты мақсаты – өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендердің инвестициялық тиімділігін, өндірістік қуатын және заманауи технологияларды қолдану деңгейін тексеру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижелерін бағалау болды.

Орынбай ауылында жүзеге асырылып жатқан жобаға бүгінде 700 млн теңге көлемінде инвестиция салынды. Жаңа агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде: аумағында қора-жайлар, әкімшілік ғимарат, жұмысшыларға арналған тұрғын үй және мал бордақылау алаңы салынуда. Сонымен қатар өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында жаңа заманауи техника сатып алынуда. Кешен аумағында облыста алғаш рет орнатылған мал суаруға арналған инновациялық құрылғы іске қосылды, бұл кәсіпорынның жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, басқа шаруашылықтар үшін тәжірибе алаңы болып отыр.

Бидайық ауылдық округіндегі «Берікбол» шаруа қожалығы да «Отбасылық ферма» жобасы аясында ірі қара мал басын көбейту және бордақылау жұмыстарын жалғастыруда. Жобаның негізгі мақсаты — қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, тұқымды көбейту, бордақылау және сатуға арналған тиімді өндірістік база қалыптастыру, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және толық өндірістік циклды қамтамасыз ету. Мұндай жобалар өңірдің агроөнеркәсіптік секторын әртараптандыруға, ішкі өнім көлемін ұлғайтуға және ауылдық аймақтардағы экономикалық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сапар барысында облыс басшысы мемлекеттік қолдаудың ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Дастан Рыспеков бөлінген қаражатты тиімді және мақсатты пайдалану, «Отбасылық ферма» жобаларының іске асырылу барысын ай сайынғы график бойынша мониторингтеу, инвестицияның игерілу тиімділігі туралы толық және нақты есепті тұрақты түрде ұсыну қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ орнатылған суару құрылғысының жұмысын тексеріп, оны басқа шаруашылықтарда да қолдану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Аталған шаралар арқылы өңірде агроөнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық өнімнің сапасын жақсарту, ішкі және сыртқы нарыққа шығу әлеуетін кеңейту, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты күшейту көзделіп отыр. Жобалардың тиімді жүзеге асырылуы ауылдық аймақтардағы жұмыс орындарын көбейтуге, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңір экономикасының қарқынды дамуына тікелей ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button