Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы ғалымдардың Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқанын айтып, осындай тарихи жәдігерлеріміз бен ұлттық мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО тізіміне қосу жұмыстарын бастауға тапсырма берді. Бұл бастама ұлттық мәдени құндылықтарды сақтау мен олардың әлемдік деңгейде танылуына үлкен үлес қосатыны анық.
Түркістан облысында ЮНЕСКО тізіміне мәдени мұра нысандарын енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген болатын. Қазіргі таңда аталған тарихи-мәдени нысан мемлекеттік бақылау аясында, оның жай-күйін сақтау мақсатында кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігінің қадағалауымен кесененің құрылымдық ерекшеліктерін, абаттандырылған аумағын және тарихи қазбаларды сақтау бойынша нақты іс-шаралар қолға алынған.
Сонымен қатар, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағындағы «Күлтөбе» қалашығын абаттандыру жобасы» Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның 1972 жылғы Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенция талаптарына сәйкес Дүниежүзілік мұра комитетімен келісілуде. Жоба аясында археологиялық қалашықтың аумағы қоршалып, туристік инфрақұрылым дамытылып, экскурсиялық маршруттар ұйымдастырылады.
Түркістан облысы тарихымызды бейнелейтін таңбалы тастар мен петроглифтерге бай. Солардың бірі – Созақ ауданында орналасқан Арпаөзен петроглифтері. 2023 жылы бұл аумақта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда Арпаөзен археологиялық кешенін арнайы қорғауға алу шаралары жүзеге асырылуда. Арпаөзен петроглифтерін қорғау жұмыстары екі кезеңнен тұрады: ғылыми-зерттеу және практикалық сақтау шаралары.
Айта кетейік, 2021 жылы «Арпаөзен» петроглифтері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілген болса, 2025 жылы Арпаөзен археологиялық кешені республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізілді.
Сонымен қатар, облыс аумағында туристер көп шоғырланатын ортағасырлық Сауран, Отырар, Күлтөбе қалашықтары «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» атты трансұлттық аталым бойынша Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуге ұсынылған. Бұл жобалар тек тарихи құндылықтарды сақтап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттырып, мәдени және білім беру туризмін дамытуға да зор мүмкіндік береді.



