Жаңалықтар

Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 13,1%-ға өсті

2026 жылдың 9 айында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі 13,1%-ға артты. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді.

 

🔺Саланың басқа бағыттарында да оң динамика байқалады. Теміржол көлігімен 241,7 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға артық. Автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 270,4 млн тоннаға (5,6%-ға) жетті. Отандық әуе компаниялары 12,4 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіштен 4,2%-ға жоғары.

 

📈Инфрақұрылым дамып келеді. 101 теміржол вокзалы жаңартылып, жаңа 20 халықаралық әуе бағыты ашылды. Балқаш, Арқалық, Павлодар және Ақтау қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылды.

 

«Автомобиль жолдары саласында Ақтөбе – Қызылорда, Бейнеу – Сексеуіл, Сарыағаш айналма жолы, Орталық – Батыс және Қарағанды – Жезқазған бағыттарындағы жаңа жобалар бойынша жұмыстар басталды»,

— деп атап өтті вице-министр.

 

Жол-құрылыс материалдарының электронды базасы қалыптастырылып, олардың сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін «Е-Жолы» ақпараттық жүйесі құрылды. Авиация саласында да бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. 20 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Балқаш, Арқалық, Павлодар және Ақтау қалаларындағы әуежайлар жаңартылды.

 

✔️Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында автожолдар сапасын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа барлық мәселені егжей-тегжейлі талдап, нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button