Жаңалықтар

106 жаңа өндіріс нысаны және 7,8 трлн теңгеге құрылыс жұмыстары: еліміздің негізгі салалары өсім көрсетуде

2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларындағы өсім 8,6%-ды құрады, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға артып, 7,8 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов баяндады.

 

Өнеркәсіп саласында жеңіл өнеркәсіпте (62,4%), химия (23,4%) және машина жасау (22,8%) салаларында ең жоғары өсім тіркелді. Өсімге негізінен жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу ықпал етті. Жыл басынан бері жалпы құны 642,3 млрд теңге болатын 106 өнеркәсіптік жоба пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

 

«Осы жобаларды жүзеге асыру нәтьижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар және басқа да өнімдер бар. Жалпы, жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр»,

— деп мәлімдеді Қуандық Қажкенов.

 

Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының көлемі де артып келеді. 9 айда 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артық. 17 өңірде өсім тіркелді, ең жоғары өсім көрсеткіштері Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарында байқалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button