Экономика

Ұлттық банк сәуірде теңге бағамының нығаюына не әсер еткенін түсіндірді

Сәуір айында жаһандық қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан 1 доллардың құны 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6% нығайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сәуір айында шетел валютасына сұраныстың айтарлықтай төмендегені байқалды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,9 млрд АҚШ доллары болған кезде сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 179 млн АҚШ долларынан 92 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті, олар ішкі валюта нарығында шамамен 253,2 млн АҚШ доллары болды. Сәуір айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату 168,3 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі — сауда-саттықтың жалпы көлемінің 8,7 пайызы» делінген Ұлттық банктің ресми хабарламасында.

Ішкі валюта нарығында ахуалдың тұрақтануы аясында Ұлттық банк сәуірде валюталық интервенцияларды, сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату операцияларын жүргізген жоқ.

Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады.

Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button