Спорт

Заңғар Нұрланұлы Түркістанда теннис орталығын ашты

Енді Түркістанның өз теннис орталығы бар. Әлемдегі ең бекзада спорт түрлерінің бірімен шұғылданам деуші қазақ өрендері енді Тұран төріндегі халықаралық теннис орталығында шеберліктерін шыңдайды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Орталықтың техникалық ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады. Еліміздің жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы, Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы жерлестеріне өз өнерін көрсетті.

– Түркістан облысында спорт саласына жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында айналдырған 3 жыл ішінде әлемдік деңгейдегі бірнеше спорт нысаны салынды. Стадион, «Olympic Center» спорт кешені пайдалануға берілді. Қалада «Мұз» сарайы, Бекзат Саттарханов спорт кешені салынып жатыр. Міне, бүгін халықаралық талапқа сай теннис орталығының техникалық ашылуына қатысып отырмыз. Осы салтанатты жиынға жерлесіміз, 14 жасқа дейінгі еліміздің бірінші ракеткасы, талантының арқасында Еуропада топ жарып жүрген Заңғар Нұрланұлы баламызды арнайы шақыртып отырмыз. Келешекте Джокович, Надаль секілді теннис жұлдызына айналады деп сенеміз. Осы теннис орталығында алдағы уақытта осында республикалық, халықаралық жарыстар өтіп тұрады.

Жасөспірімдеріміз бен жастарымыз, тенниссүйер қауым осында шеберліктерін шыңдайды, – деген Өмірзақ Шөкеев теннисшілердің сайысын тамашалады. Жаттықтырушыларға өңір жастарын баптап, таланттарды табу керектігін айтты.

14 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Словакияда өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің чемпионы және өзге де додалардың жеңімпазы атанып жүрген жас теннисші Заңғар Нұрланұлы түркістандықтарға жылы лебізін білдірді. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында туып өскен әкесімен бірге елге келген үздік спортшы 4 жасынан бастап теннис ойнаған. Түркістандық өрен туған жеріндегі өзгерістерді жоғары бағалап, жаңа теннис кортында шеберлігін көрсетті.

– Спорттағы ең алғашқы қадамымды 4 жасымда Түркістан өңірінде бастағам. Спортта ең бастысы – жауапкершілік. Тынымсыз шыңдалу, алдыңа мақсат қою арқылы ғана жеңіске жетуге болады. Күніне 4 сағат жаттығамын. Түркістанға екі жыл бұрын келгем, қазір өзгеріп кетіпті. Туған жеріме келіп қуанып тұрмын, – дейді Заңғар Нұрланұлы.

Аталған спорт орталығының жалпы жер ауданы – 2,5 га болса, нысанның жалпы ауданы – 5006 шаршы метр. Құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілді. Сыртқы фасад жұмыстары мен инженерлік желілері, әкімшілік ғимаратының 1,2 қабаттарында ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңы және автотұрағы бар. Республикамыздағы таңдаулы спорт нысандарының біріне айналған теннис орталығының ашылу Түркістанда үлкен теннисті дамытуға оң серпін береді деп күтіліп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button