Үшінші турдан кейін Қазақстан бір ұпаймен Словакияны басып озып, көш бастап келеді. 13 маусымда қазақстандықтар басты қарсыласы – словактармен кездеседі, деп хабарлайды degeneken.kz
Футболдан UEFA Ұлттар лигасының үшінші турында Қазақстан сырт алаңда кезекті ойынын өткізді. Бұл жолы серб қаласы Нови-Садта Беларусь командасымен кездесті.
Ойын барысында қазақстандық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде бірінші кезеңнің 13-минутында Абат Айымбетов мергендігімен көзге түсті. Бұл – Абаттың аталған турнир барысында соққан үшінші голы. Бұдан бұрын өз алаңындағы Әзербайжанмен кездесуде ол қос голдың авторы атанған болатын.
Екінші кезеңде Беларусь құрамасы таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 85-минутында беларусьтік Владислав Малькевич гол соғып кетті.
Кездесуде 1:1 есебімен ойын тең түсті.
Енді Қазақстан 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды.
Үш ойыннан кейін Қазақстан 7 ұпаймен көш басында келеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын С лигасы үшінші тобында Қазақстан Әзербайжан мен Словакияны 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Еске салсақ, аталған топта өз алаңында Әзербайжан Словакияға 0:1 есебімен жол берді.