Түркістан: «Қапшағай» су қоймасын жөндеу жұмыстары басталды

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы «Қапшағай» су қоймасының қазіргі жағдайы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды. Екі кезеңге жалғасатын жөндеу жұмыстарына 2 млрд. теңге бөлінбек. Қауіптің алдын алу үшін жөндеу жұмыстары басталатындықтан келер жылы су қоймасы толыққанды жұмыс істемейді.
Маңызды мәселе облыс әкімінің халықпен кездесуінде де көтерілген болатын. Қазата елді мекенінде орналасқан су қоймасы «Қазсушар» РМК мекемесінің есебінде. Стратегиялық маңызы бар нысан 40 жыл бұрын салынып, содан бері жөндеу көрмеген. 40 жыл бұрын салынған су қоймасы осы уақытқа дейін жөнделмеген болатын. Оның сыйымдылығы 34 млн. текше метр, тереңдігі 23,6 метірге дейін, орташа тереңдігі – 10 м, дамбаның ұзындығы 1,8 шақырым.
Аппарат отырысында аудандағы өзекті мәселелерді Бәйдібек ауданының әкімі Е.Шәріпбеков баяндады. Аудан халқының 55%-ы табиғи газбен қамтылған. Газ жүйелерінен туындаған ақаулар мен апаттық жағдайларды дер кезінде ретке келтіру үшін аудан орталығынан «Қазтрансгаз» АҚ-ның аудандық филиалын ашу қажеттігі туындауда. Мәселені шешуге қатысты облыс басшысы тиісті тапсырма берді.
Жиналыста Созақ ауданының өзекті мәселелері де талқыланды. Аудан әкімі М.Тұрысбеков 2019 жылы басталған АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу жұмысы бойынша баяндады. Биылғы жұмыстарға 600 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» құрылыс монтаждау жұмысы жалғасып 3500 немсе 70 пайыз абонентке газ құбыры тартылған.
Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 98%-ы, яғни, 60 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.



