Қоғам

Жолдау жастарға мол мүмкіндік сыйлайды

Қоғамдағы жастар пулы – үлкен күш.

Бүгінгі мемлекеттік жобалар жастардың негізгі мәселелерін шешуге ғана емес, проблемалардың алдын алып, болдырмауға да бағытталып жатыр. Мәселен, кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік гранттарға қарағанда, алдағы уақытта 2,5 пайыздық үстемемен берілетін шағын несиелер пайдалы болады деп ойлаймын. Әрине, бұл – бар жобаны жоққа шығару емес, мемлекеттік гранттың да пайдасы көп. Бірақ, грантқа қол жеткізе алмаған жастар кәсіп бастау үшін 20 пайыздан астам үстемемен несие алуға мәжбүр болып жатқанын ескеруіміз керек. Мемлекеттік жеңілдетілген жобаны пайдаланғанның (“Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры) өзінде 6 пайыздық несие алады. Сондықтан, Жолдауда айтылғандай, 2,5 пайызбен несие беру жастарға мол мүмкіндік сыйлайды деп айта аламыз.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Жолдауында жастардың тағдырын лайлап жатқан синтетикалық есірткіге тоқталды. Бұл мәселе Түркістан қаласында да өзекті. Осыған орай проблема көтеріліп, құзырлы органдар біршама жұмыстар арқарып жатыр. Енді синтетикалық есірткі жарнамасы мен саудасына қатысты мемлекеттік бақылау күшейіп, құзырлы мекемелер жұмысты жүйелесе, мәселе біртіндеп шешімін табады деп ойлаймын.

Жолдауда жан-жақты мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарды жұмыспен қамту жайы да сөз болды. Бұл бастама тек жұмыссыздықты шешіп қана қоймай, масылдықтың алдын алады деп ойлаймын.

Жалпы, қоғамдағы жастар пулы – үлкен күш. Мемлекеттік саясатта оны ескермеу мүмкін емес. Сондықтан Президент жастарды елдің драйвері ретінде танып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Енді жауапкершілігі ауыр жұмысты біріге атқаруымыз қажет.

Жансерік ЖҰМАН,

“Жастар рухы” жастар қанаты

Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button