Жаңалықтар

БУХАРХУДАТТАР ДРАХМАСЫ ТҮРКІСТАНДЫҚ МҰРАЖАЙҒА ӨТКІЗІЛДІ

КК 726. Монета. Төмен сынамды күміс. Дөңгелек пішінді. Бұхархұдаттар драхмасы. 1994 жылы 8 шілдеде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Д.Мұстафаева тарапынан музей қорына өткізілген. Көлемі-26/26 мм. Салмағы – 2,385 г. Жиектерінің екі жерінде жырықтары, бірнеше жерінде кертілген тұстары бар. Сақталуы нашар. Беттеріндегі бейнелер нүктелер арқылы схематикалық түрде түсірілген.

Ав: Драхма жиектерінде нүктелерден тұратын шеңбер түріндегі жиектеме, оның астын бойлай, тиынның жоғарғы бөлігінде соғды тілінде жазбалар түсірілген. Жазба Бұхара билеушісі деген мағына береді. Драхма шеңберінің ортасындағы алаңда орналастырылған билеуші бейнесінің арт жағындаالمهدى (аль-Махди) жазбасы және екі құйрықты лента түсірілген. Аталмыш ленталардың бұхархұдаттар ақшаларында 3 түрі кездеседі. Бұл үлгідегі лента түрі аль-Махди жазбасы бар драхмаларда кездесетін түрі. Билеуші бейнесінің тәжінің үстінде, ортасында нүкте бейнеленген жарты ай пішінді өрнек түскен. Бұхархұдаттар ақшаларының кей үлгілерінде жарты айдың орнына шеңбер пішінді өрнек түсіріліп отырған.

Рев: тиын шеңберінің ішіндегі алаңды түгел ала, ортада, зороастр дінінің аташданының, оның екі жағында аташданды күзетуші екі сарбаздың нүктелерден түзілген бейнелері орын алған.

Зерттеушілер бұхархұдаттар драхмаларын жазбаларына, нүктелер санына, элементтік ерекшеліктеріне қарай бірнеше типтерге бөліп қарастырады.

Наршахидің жазбалары бойынша Түркі Бухархудаттарының арасында, халифа Омар қайтыс болғаннан кейін 27 жылдан кейін ең алғашқы болып ақша соқтырған Бухархудат Кана болатын. Исмаил Самани билігі тұсында «Исмаили» жоғары сынамдағы күміс дирхемдері соғыла бастады. Исмаили дирхемдері соғылып отырған Орта Азияның өзінде бұл ақшалардың өте аз көлемде кездесіп, Европада бұл күнге дейін жүздеген көмбелерінің табылуы, бұл ақшалардың шет жерлерге тасылып, әлемдік ақшалар қызметін атқарғандығын көрсетеді.

Орта Азияда негізінен мусейяби, мухаммади, гитрифи және хорезми драхмалары көптеп кездеседі. Бұл тиындар беттерінде билеушінің бюсттік бейнесі мен қасиетті «Аташданның» жанында екі қорғаушының бейнесінің түсірілуі, бұл ақшалардың Сасанидтердің V ғ. ақшаларының көшірмесі болғандығын көрсетеді.

Ғалымдардың дәлелдеулері бойынша бухархудаттар ақшалары негізінен салық ақшалары болған. Шаш, Ходжент жерлері салықты «мусейяби», Самарқан мен Ферғана «мухаммади», Бухара «гитрифи» дирхемдерімен төлеп отырған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button