Түркістандағы мектептерге алаш ардақтылары Ахмет, Әлихан, Мұхамеджан есімі берілді

Түркістан облысында 26 мектеп пен 3 кітапханаға тарихи тұлғалардың есімі берілді.
Атап айтар болсақ, Арыс қаласындағы «№2 бастауыш мектебі» КММ-не Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі, «№3 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-не Мұхамеджан Тынышбайұлының есімі, Арыс қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Абайдың есімі берілді.
Жетісай ауданындағы «№12 жалпы орта мектебі» КММ-не Әл-Фарабидің, «№ 58 жалпы орта мектебі» КММ-не Мырзақадыр Нұрбаевтың, Мақтаарал ауданындағы «№36 жалпы орта мектебі» КММ-не Әлихан Бөкейханның, «№ 9 жалпы орта мектебі» КММ-не Ахмет Байтұрсынұлының есімдері берілді.
Сондай-ақ «А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы» КММ-сі «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы» КММ-сі болып бекітіліп, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне «Отырар» атауы берілді. Сауран ауданының «№13 жалпы орта мектебі» КММ-не Әшірбек Сығайдың, «№25 жалпы орта мектебі» КММ-не Сабыр Рахимовтың есімдерімен өзгертілді.
Арыс қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Амангелді» атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі «Майлықожа ақын атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі, «М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі «Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі болып бекітілді.
Кентау қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Қазақстанға 30 жыл» атындағы № 3 көп салалы мектеп-гимназиясы» КММ-сі «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы көп салалы мектеп-гимназиясы» КММ-сі болып, Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Болашақ» мектеп-гимназиясы» КММ-сі «Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясы» КММ-сі болып, Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Кезеңбұлақ» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Егемқұл Тасанбаев атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі болып өзгерді.
Отырар ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Мыңшұңқыр» жалпы орта мектебі КММ-сі «Рахманқұл Бердібай атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Алғабас жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі «Сәдуақас Темірбеков атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі болып, Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Екпінді» жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі «Төлепбек Назарбеков атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі болып аталды.
Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Шорнақ» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, «Қызыл-Әскер» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Жұмабек Тәшенев атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, «Майдантал» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Әйтеке би атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі болды.
Сонымен қатар Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Қызыл жол» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Қазыбек би атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, «Ташанақ» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, «Шыпан» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, «Шобанақ жалпы орта мектебі» КММ-сі «Төле би атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі болып бекітілді.
Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Иқан» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі болып, «Ескі Иқан» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Әлия Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі, «Достық» жалпы орта мектебі» КММ-сі «Рахманқұл Бердібай атындағы жалпы орта мектебі» КММ-сі болып қайта аталды.
Анықтама:
Ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілдерінің бірі Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда қазіргі Алматы облысындағы Қабанбай ауданында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Бұл өңір орыс халқы көп келіп қоныстанған ауыл болатын. Сол кездері қазақ мектептері болмағандықтан бала Мұхамеджан кішкентайынан орыс тілін жетік біліп өседі. Ол ауыл молдасынан хат таныды. Әкесі де көз ашық адам болғандықтан, ұлының білім алуына көп еңбек сіңірді. Мұхамеджан Тынышбаев ауылдағы орыс балалармен араласып, бірге ойнап жүріп-ақ, орыс тілін үйреніп алады. Жас күнінен оның ұмтылысы, білімге деген құштарлығы керемет болды. Бір күні Тынышбайдың шаңырағында қонақта болған татар молдасы бала Мұхамеджанды көріп, оның кереметтей алғыр, зерек бала екенін айтады.
Сол уақытта генерал губернатор Колпаковский өзінің қол астында жұмыс істеу үшін білімді, білікті жастарды жұмысқа тартып, олардың жағдайын жасау жөнінде тапсырма береді. Таңдау алғыр әрі қабілетті Мұхамеджан Тынышбаевқа түседі. Көкірек көзі ояу Тынышбай «ұлымның болашағы үшін мұндай мүмкіндікті пайдалануым керек» деген ойға келеді. Сөйтіп, Лепсіде оқып жүрген ұлын Алматыға алып келіп, ерлер гимназиясының дайындық курсына оқуға береді.
10 жасынан бастап Мұхамеджан Алматыдағы гимназияда оқиды. Алдымен, екі жыл дайындық курсын бітіріп, кейін 8 жыл негізгі оқуын оқиды. Гимназияда ол математика, логика, геометрия пәндерін терең меңгереді. Орысша, французша еркін сөйлеуді де осы гимназияда үйренеді.
Мұхамеджан Тынышбаев 1 сыныптан бастап өте жақсы оқыған. Мектепті алтын медальмен бітірген. Бала күнгі арманы тарихшы болу болған. Оның тарихқа деген қызығушылығы ерекше болды. Бір күні Мұхамеджан Тынышбаев мектеп бітіру кешінде құрдастарымен сөзге келіп қалады. Сонда қатарластары оның намысына тиіп, мектепті алтын медальмен бітірсең де, сен Ресейдің теміржол институтына өз күшіңмен түсе алмайсың деп айтады. Бұған намыстанған Тынышбаев теміржол қатынастар институтына тапсырады. Осылайша, гимназияны аяқтаған соң Санкт-Петербургтағы І Александр атындағы жол қатынастар инженерлерінің институтына түседі.
Даңқты профессорлар, атақты инженерлер дәріс беретін кафедралары мен зертханалары, жабдықталу деңгейінен әлемде теңдесі жоқ институт ондаған жылдар бойы тек дворяндардың балаларын оқуға қабылдайтын. Ал Мұхамеджан Тынышбаев Жетісу генерал-губернаторының 360 рубльдік стипендиясына оқыған.
Мұхамеджан Тынышбаев 1903 жылы жазған хатында: «Сабақ бере алмаймын, өйткені бір минут бос уақыт жоқ. Кейде тіпті жарты сағаттық үзілісте де таза ауамен тыныстауға мүмкіндік болмай қалады» деген.
Петерборда оқитын қазақ жастарына жазғы демалыстарында елге кетерінде Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясының мүшесі Әлихан Бөкейханов секілді азаматтар арнайы тапсырма беріп, «елге барғанда жер дауына, басқа да тартысты мәселелерге назар аудара жүріңдер. Орыс әкімшілігінің зорлық-зомбылығына қатысты материалдарды жинап, ала келіңдер» дейді. Алғыр әрі зерек Мұхамеджан Тынышбаев бұл тапсырманы бұлжытпай орындайды. Елде жүргенінде Жетісудағы жер дауына қатысты материалдарға құлақ түріп, соған байланысты деректерді жинақтай жүреді. Орыс әкімшілігінің қанаушыларына, басқа да зорлық-зомбылығына қатысты жайттарды да жинап, Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясына тапсырып отырады.
Мұхамеджан Тынышбаев Петерборда оқып жүріп-ақ алғашқы саяси толқуларды көріп өседі. Студент кезінің өзінде қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласқан қазақ жігіті сол кездегі басылым беттерінде орталық билікті сынайтын сыни мақалалар жазады. Осылайша, ол патша үкіметінің солшыл саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізіп, туған халқының мүддесін қорғайды.
1905 жылы Мұхамеджан Тынышбаев революциялық қозғалыстарға белсенді қатысқан «Сын отечества», «Радикал» және «Руский Туркестан» газеттерінің тілшісі Морозовтың басшылығымен, журналист Жаботинскиймен бірігіп автономияшыл- федералшылдардың одағын құрады. Сол жылы «Руский Туркестан» газетінде жарияланған Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасының қолжазбасы одақтың құрылтайында тәркіленіп, айып салынады. Сөйтіп, 1905-1906 жылдары Тынышбаевты Верныйда тұтқындау туралы жасырын бұйрық беріледі.
1906 жылы Верный қаласында Мұхамеджан Тынышбаев атақты фельдшердің қызы Гүлбахраммен көңіл қосып, отбасын құрады. Олардың Ескендір, Фатанад-Бану және Динар-Зада атты балалары дүниеге келеді. Бұған дейін Мұхамеджанның жас кезінде атастырып үйленген әйелінен Бибісара атты қызы қалған болатын.
«Институтты бітіргеннен кейін ұлы Ескендірмен келеді. Ал әйелі холерамен ауырып, қайтыс болады. Сол кезде холерадан ауырған адамды өртейді екен. Ол кезде әйелін көміп қойған болатын. Мұхамеджан Тынышбаев іссапардан келгенде әйелінің көз жұмғанын біледі. Сонда ол балаларға да ешқайсысына айтпай, өзі барып әйелінің топырағын құшақтайды. Үйге келгеннен кейін, балаларына: Менің өлгім келді. Мен өмірімді осы кісімен ұштастырдым. Өте жақсы көремін. Мен сендер үшін ғана тірі жүрмін. Әйтпесе, тапаншаны алып, сол жерде әйеліммен бірге өлгім келді» деген»,- дейді Мұхамеджан Тынышбаев атындағы қоғамдық қордың президенті Нұршәкен қажы Жүнісқызы.
1913 жылдан бастап Орынборда Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовтар «Қазақ» газетін шығара бастады. Басылымның ұстанымы Мұхамеджан Тынышбаевтың да көкейіне қонады. Ол «Қазақ» газетінің жұмысына белсене араласады. Ал 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылады. Сол уақытта Тынышбаев қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі, ұлтымыздың болашағы үшін қабылданған тарихи шешімдердің басы-қасында жүреді. Бірінші және екінші жалпықазақ съездеріне қатысады. Алаш партиясын және қазақ комитеттерін құруға ат салысқан тарихи тұлғалардың бірі болды. Алашорда үкіметін құруға араласты. Өзі де Алашорда үкіметінің құрамына кірді. Бұл Тынышбаевтың қазақ мемлекеттігін жаңғырту әрекетін қолға алған тұлғалардың қатарында болғанының айқын дәлелі.
«Тынышбаевтың белсенді саяси қызметінде үлкен орын алатын кезең ол кісінің Қоқан қаласында өткен Түркістан мұсылмандарының 4-ші съезінде қабылданған шешімі. Түркістан мұсылмандарының 4-ші съезінде Қоқан автономиялы үкіметі құрылды. Сонда Мұхамеджан Тынышбаев Қоқан автономиялы үкіметінің төрағасы болып сайланды»,- дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.
Түрксібті салу жөнінде шешім қабылданған уақытта Мұхамеджан Тынышбаевты да Түрксіб құрылысымен айналысатын арнайы комиссияның құрамына кіргізуді ұсынған бұйрық шығады. Сонымен құрылыс басталар сәтте келіп жетеді. Рысқұлов бұл үшін арнайы Мәскеуден келіп, Лугавой бекетінде теміржолдың тұсауын кеседі. Тұсаукесер рәсімі ретінде паравоз киіз үйдің ішімен жүріп өтеді. Бұл 1921 жылдың 27 қарашасы болатын. Салтанатты жиында барлығы сөз сөйлеп, паравоз Сібір бағытындағы алғашқы шақырымды жүріп өтеді. Рысқұлов бастаған бір топ басшы қолдарына балға алып, теміржолдың алғашқы сыналарын қағады.
Сол кезде Мұхамеджан Тынышбаев құрылыстан ешқандай хабары жоқ жергілікті қазақ балаларына арналған курстар ашады. Ауыл балаларына теміржол құрылысының қыз-сырын үйрете бастайды. Осы 50-ге жуық қазақ баласы білім алады. Мұхамеджан Тынышбаев оларға арнап оқулықтар жазады.
Тынышбаев қызметін Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан наркоматтарының жауапты қызметкерлерімен сөйлесуден бастайды. Ол теміржол құрылысына жұмысшылар алу және қажетті материалдар мен азық-түлікпен қамтамасыз етумен келседі. 1927 жылы Түрксіб жолының барлау жұмыстары аяқталып, 1928 жылы көктемде теміржол құрылысын бастауға шешім қабылданады.
«1930 жылы Тынышбаев ОЛПУ органдар тарапынан тұтқынға алынған. Оған «Құлан ауылына келгеннен кейін теміржол бағытын неге Пішпек емес, Шу арқылы Алматыға қарай өткізуді жақтадыңыз» деген айып тағылды. Сонда Тынышбаев бұл жерде ешқандай жеке, басқа жүдделер жоғын айтады. Тиімділік, экономикалық тұрғыда тиімділік жағын ойлап, қарастырдық. Менің түсінігім бойынша, теміржол бағытының Алматыға қарай Шу арқылы жүргені үнемді болатын еді дейді. Ал, енді Алматыға қарай Пішпек арқылы өтсе, онда тура орта жолда Қордай асуы тұратын еді. Қордай асуынан теміржол өткізу қымбатқа түсуші еді деп, жауап қайырған», – деді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.
Таңғы сағат 8-45-те екі жақтың құрылысшылары соңғы шпалдарды төсеп шыққан болатын. Екі жарым жыл бұрын олардың арасында 1446 шақырым жер бар болатын. Олар құрылысты 540 күн ерте бітірді. Түрксібтің соңғы сынасын Тұрар Рысқұловтың өзі қақты. 1905 жылы дипломдық жұмысында жазған Мұхамеджан Тынышбаевтың арманы 25 жылдан кейін, осылайша орындалған болатын.
Өткен ғасырдың 30-жылдары қыздары тұрмыс құрып, ұлы Ескендір Ленинградқа оқуға кеткеннен кейін Мұхамеджан Тынышбаев үйінде жалғыз қалады. Сонда жолдастарының кеңесі бойынша башқұрт қызы Әмина Шейх-Әлиге үйленеді. Бұл некеден Дәулет есімді ұлы дүниеге келеді.
«Мен туған кезде әкем түрмеде болатын. Түрксіб теміржолы да салынып қойған еді. Дегенмен, олар алғашқылардың бірі болып осы жолмен жүріп өтті»,- дейді Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх-Әли.
1932 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Воронежге кетерінің алдында отбасына соңғы рет келіп, қоштасып кетеді. Сот болғаннан кейін Алашордашыларды Воронежге жібереді. Сонда бас-аяғы 16 адам болған екен. Арнайы жасақтың күзетімен оларды ары қарай жөнелтеді.
2 жыл Алматы түрмесінде жатқан Мұхамеджан Тынышбаев темір торлы вагонмен Алматы вокзалынан Түркісіб арқылы Ресей жеріне аттанады. Воронежге жер аударылып барған Тынышбаев теміржол құрылысында жұмыс істейді. Мәскеу-Дамбас теміржол құрылысын салуға қатысады. Оның артынан әйелі мен баласы да аттанады. Олар Тынышбаевтың мерзімі аяқталғанға дейін Воронежде тұрады. Мұхамеджан Тынышбаев 5 жылдан кейін босайды. Бірақ, енді оның Алматыға оралуына тыйым салынады. Осылайша, ол Ташкентке табан тірейді.
«Ташкенттегі, Воронеждегі тұрмысымыз есімде. Менің тілім кеш шыққан. Әкем, «сенің отаның Алматы, сен инженер болуың керек» дегенді сол кездің өзінде құлағыма құю беретін. Менің отаным Алматы деп өзі айтып, маған қайталататын. Мен инженер боламын деп айт деуші еді. Әттең, ол кісінің бұл өмірден ерте озуына біреулер себепкер болды. Кейін әкемнің аманатын орындап, мен инженер болдым», – дейді Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх-Әли.
Қуғын-сүргіннің мұнымен аяқталмайтынын түсінген Мұхамеджан Тынышбаев әйелі мен ұлын Әмина Шейх-Әлидің Уфадағы туыстарына жібереді. Осылайша, өзі Батыс Қазақстан арқылы Ташкентте тұратын үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Мұнда да көп тоқтамай бірден Қандыағаш–Гурьев темір жолының құрылысына жұмысқа орналасады. Алайда, денсаулығы күрт нашарлап, Ташкентке оралуға мәжбүр болады. Ақырында оны 1937 жылы 21 сәуірде Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқындайды. Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш инженер өзі секілді қуғанға ұшыраған тағдырластарымен бірге 1937–1938 жылдары жүзеге асырылған «үлкен террордың» құрбаны болып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесіледі.
Алматыдан Лепсіге, Лепсіден Аягөзге, Аягөзден Семейге, екінші бағыты Алматыдан Шымкент арқылы Қызылордаға қатынайтын теміржолдың әрбір шақырымында қазақтың тұңғыш инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың қолтаңбасы жатыр деуге болады. Түрксіб деп аталған теміржолдың алғашқы жобасы Мұхамеджан Тынышбаевтың университет бітіргендегі дипломдық жұмысында жазылған.
Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері 1969 жылы бір-ақ ақталды. Әйелі Әмина Шейх-Әли екінші рет тұрмыс құрған жоқ. Ол баласымен бірге тұрды. Дүние саларынан жарты жыл бұрын ғана күйеуінің ақталғанын естиді. Сонда күйеуінің ақталғанына қатты қуанып, о дүниеге көңілі жайланып аттанған екен.
Бүгінде сонау Түрксібтен бастау алған қазақ теміржолы ел экономикасының күре тамырына айналған негізгі салалардың бірі болса, осы үлкен жетістікте қазақтан шыққан тұңғыш инженер Мұхамеджан Тынышбаевтың да зор үлесі бар.
Нұрбаев Мырзақадыр 1909 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы Елтай ауылында туған. Ата-анасы шаруа. Әкесі Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де өзінің азын-аулақ шаруашылығымен айналысқан адам. Елдегі ұжымдасу кезінде ұжымшарға (колхозға) кіреді. Әкесі 1934 жылы дүниеден қайтады. Шешесі үйдің күйбің тірлігінен әрі ұзап шықпаған кісі. Отағасының қазасынан кейін көп ұзамай, 1936 жылы өмірден өтеді. Мырзақадыр бес ағайынды: бір ағасы, екі інісі және қарындасы болды. Үлкен ағасы Мырзабай – Ұлы Отан соғысынан 1944 жылы мүгедек болып оралады. Екі інісі соғыс алдында әскер қатарына шақырылады да содан хабарсыз кетеді. Қарындасы ұжымшарда жұмыс істеді. Ол 1930 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысында Қызылқұм аудандық тұтынушылар одағының есепшісі, аудандық бақылау комиссиясының, аудандық жұмысшы-шаруа инспекциясының хатшысы болып істеді. Мырзақадыр 1937 жылы Алматы қаласына Қазақ КСР Заң Халық Комиссариатының үш айлық заң курсына, одан соң Мәскеудегі Заң академиясында оқыды. КСРО және Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының органдарында басшы қызметтерде болды. Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы, Қазақ КСР Заң Халық Комиссары, Заң министрі болып істеді. Сөйтіп, ол екі жыл Жоғарғы сот төрағасы, тоғыз жыл Әділет министрі болды. Нұрбаев Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен наградталды. Екі жыл Жоғарғы сот төрағасы, тоғыз жыл Әділет министрі болып қызмет атқарған Мырзақадыр Нұрбаев жөнінде, ең өкініштісі, орталық мұрағатта пәлендей мол дүние сақталмапты. Онда бар-жоғы әбден тозығы жеткен кішкентай суретін, қызметтік парақшасын, өмірбаянын және жұмысына байланысты бұйрықтар мен қаулыларды ғана көруге болады. Кім білсін, бәлкім, бұған бір замандарда дүйім елді аузына қаратқан ақиық азаматтың партиядан шығарылып, биік лауазымынан айырылуының да әсері болған шығар-ау… 1937 жылы Мырзақадыр Алматы қаласындағы Юстиция халық комиссариатының үш айлық заң курсына, одан соң Мәскеудегі Бүкілодақтық құқықтық академияға жіберіледі дедік. Оны 1939 жылы бітіріп шығады. Содан кейін екі жылдай Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) органдарында басшылық қызметтерде болды.
Нұрбаев 1941 жылдың маусым айында Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы болып бекітіледі. Ол 1943 жылдың қаңтарында Юстиция халық комиссарлығына тағайындалады. Деректі материалдар келтірейік. Ұлы Отан соғысынан соң… 1946 жылы Юстиция халық комиссариатының Юстиция министрлігі болып өзгертілуіне байланысты М.Нұрбаев тұңғыш заң министрі болып тағайындалған соң соғыстан кейінгі құлдыраған халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін ол аянбай еңбек етті. Бейбіт жағдайға көшу барысында құқық қорғау органдарының қызметін қайта құру, соғыс жағдайында қолданылған кейбір заңдардың күшін жою міндеті тұрды. Алғашқы амнистиялар жарияланды. 1947 жылдың 26 мамырындағы жарлық бойынша өлім жазасы тоқтатылады. Ең бір өзекті мәселенің бірі – майданнан қайтпай қалған заңгер мамандардың орнын толықтыру еді. Сол үшін де Нұрбаев жаңа кадрлардың тезірек жетілуіне айрықша көңіл бөледі. Алматыдағы Заң институтына талапкерлердің қабылдануын тікелей назарда ұстайды. Шет аймақтарда оқып жүрген болашақ заңгерлерді қамқорлыққа алады. Ташкенттегі заң факультетін тәмамдаушыларға барып, өз қолымен жолдама тапсырып, Қазақстанның сот, прокуратура органдарына қызметке шақырады. Деректі құжатты келтірейік. «ҚазССР Юстиция министрі жолдас М.Нұрбаевқа Жоғары заң оқу орындары бас басқармасының осы жылдың 12 наурызындағы «Алматы мемлекеттік заң институтының Кеңесін бекіту туралы» №13/ю-20-01 бұйрығымен Сіз Алматы заң институты Кеңесінің мүшесі болып бекітілгеніңізді хабарлаймын. Алматы заң институтының директоры, доцент А.Агеев 1948 жылғы наурыздың 24-і». Бір өкініштісі, Нұрбаев осылай жанын салып еңбек етіп жүргендігіне қарамастан 1952 жылдың 14 ақпанында қызметтен босатылады… Иә, пендешіліктен адам арылған ба? Нұрбаевтың қызметтен кетуінің сыры да осы әзәзіл пендешілікте жатпасын?! Әттең! Бірақ солар асыл азаматтың сағын сындыру арқылы өміріне балта шапқанын білді ме екен?! Әй, қайдам, шындыққа қолы жете алмай, күндерін арпалыспен өткізген жазықсыз азаматтың жан жарасын олар қайдан түсінсін?! Астанадан, басшылардан, дос-жарандардан әбден көңілі қалған Мырзакең туған өлкеге тартып кетеді. Бірақ өн бойын тұтқан дерт біртіндеп асқына береді. Ірі қызметтен босау оңай ма? Айналадағы орта, достар, жолдастарды тастап, алыс колхозда сыйысып жүру жеңіл ме? Сатқын достар опасыздығына күйіне жүріп шындыққа жете алмай, дәлелдей алмай кетті Мырзакең. Ауылға бірден келу күйігі, өмірге қапалық денсаулығына әсер етті. Бірден орта өзгерді. Қостайтын адам болмады. «Бала – бауыр ет». Оның дерті бөлекше. Десе де, кезінде елінің елеулі азаматы болған байырғы заңгер, марқұм Мырзақадырды түбі бір туыстар ұмытпайды. Мың сан қияметі бар тіршілікте еске алып отырады. «Адам баласын жамандамайтын, істеген жақсылығын бұлдамайтын Мырзақадыр Нұрбаев деген Заң министрі болған жақсы адам еді» дейді қариялар. Мырзакең министр кезінде отыздағы жігіт екенін еске алады. Тәйірі жаста тұрған не бар? Жақсылық, адамгершілік дегендер жаспен өлшене ме екен? М.Нұрбаев жөнінде айтылған естеліктер аз емес. Солардың бірі – Мырзашөл ауданында көп жылдар бойы аудан басшысы болған Бегім Серіковтың анасы бір күні Арыстанның (Мырзақадырдың баласы) әйелі Әйнекке былай деген көрінеді: «Баяғы Мырзакеңнің келіні екенсің ғой. Сенің атаң біздей байғұстарға қиын заманда қол ұшын беріп, баламды үйінде тұрғызып оқытып еді. Қарызынан қайтып құтыларымды білмеймін. Көп жақсылық жасады ғой. Балам әкесі соғыстан оралмай, жарты көңіл болып жүргенде, ескі киімдерін киіп, атаңыздың үйінде оқып еді. Е-е, ол кісінің жақсылығын көрген жалғыз біз емес… Сенің атаң көп адамға қиын заманда қол ұшын беріп, елдің талай азаматына жол көрсетіп оқытты. «Қарызынан қайтып құтылармын» дегендер аз емес. Көпке жақсылық жасады ғой». Еңбек және соғыс ардагері Әлиайдар Көпжасаров былай деп естелік айтады: «…1948 жылы Заң министрі кезінде Ташкентке іссапарға келгенде алғаш таныстым. Қазақ жігіттерге (Ташкентте оқу бітірген) Қазақстанға жолдама беруге келіпті. Өзінің туған ауданы Мақтааралдағы ағасы мен туыстарының үйіне тоқтапты. Сонда, Өтепов Қаныбектің бірінші хатшы кезінде мен бөлім меңгерушісі едім. Үйге де шақырып, қонақ еткен жайымыз бар. Көп сөйлемейтін, мәдениетті азамат адам еді. Көп оқығандығы байқалып тұратын. Сонда әңгіме үстінде отызыншы жылдары Асабай Мамытовтың (кейін ҚазМУ профессоры) сауатты, талантты деп Мырзакеңді жергілікті кадр ретінде оқуға алып кеткенін айтып еді. Жалпы Мырзакеңнің өзі де талай жігіттерді үйінде жатқызып оқытып, облыстарға жұмысқа қойып, тәрбиелеген. Әйелі Халима Елубаева Орал жақтың қызы еді. Ол да заң оқуын бітірген. Өмірінің соңғы кезінде Мақтаарал аупарткомында әйелдер бөлімін басқарды… …Қайтыс болғанда жас еді, өзіміз жерледік. Мақтаарал ауданындағы Жамбыл колхозы қасындағы мазарға жерленді». Мәскеудегі Заң академиясын үздік бітірген соң ол қауіпсіздік комитетінде істеген. Бұл өмірбаянында көрсетілмеген. Ағасы Мырзабай ауруханаға Мәскеуге апарғанда жұмыс орындарын көрсеткен екен. Мырзақадыр Нұрбаевтың жиені Әбдіқадыр Мүсірепов былай деп есіне алады: «Мырзақадыр бес ағайынды. Екеуі Сталинград шайқасында жоқ болды. Шымкенттегі мектепте інілері үздік оқыған еді». Тағы да Әбдіқадыр айтады: «Ильичте тұрғанымызда нағашымның ауырып жүрген кезінде мен сол үйде тұрып, мектепте оқыдым. Көп адамдар үстіне рұқсатсыз кірмейтін. Колхоз бастығы Пернебаев Құдайберген бастап көптеген адамдар келіп жөн-жоба сұрайтын, іс-жұмыс бағытына ақыл алушы еді. Сол үйдің ағаш дарбазасы әлі тұр. Сырттан келген кісі: – Нұрбаев жолдас үйде ме? – дейтін. Мен жүгіріп келіп нағашыма айтамын. Радиосы бар еді. Соңғы хабарларды жібермейтін. Газетті көп оқитын. Ауырып, шаршап отыратын. Құрдастары келгенде ашылып сөйлесетін, жасарып қалатын. Арыстан екеуміз үйді жинап, күлсалғышын беріп, айтқанын істеп жүретінбіз. Газет оқып отырып күрсіне беретін. Мені тізесіне отырғызып, қуаныш қылып, келешегіме ізгі тілектер айтып отыратын. Үйінен адам үзілмейтін». М.Нұрбаевтың ағасы Мырзабайдың қызы Райханның әңгімесі ол туралы көп мәліметтен хабар береді: «Мырзакең Қаракөсе руына жиен. Тәліп деген қаракөсе салық жинайтын, ұзақ жылға кесіліп кетті. Араша түсетін адамы жоқ, әділетсіз сотталған көрінеді. Сөйтіп, ағамның Тәліпті тас түрмеден ақтап алған жақсылығы бар. Мен келін болып түскен соң, «қарындасым бар» деп келеді. Қай бір жетіскен заман. Қамыс кепе үй ол кезде. – Министр келетін болды, – деп колхоз бастығы Құдайберген үйіне күтіп алады екен. Кепеге келіп амандасып, жолығып кетеді. Бүкіл ауылдың сәлемшісі жиналғанда, қай жағына отырғызарын білмей қиналады үй иесі. – Ерекеңе сәлем беремін. Өздерің бір төбе, ақсақал бір төбе. Қарындасымның қайынатасы ғой ол, – деп Ережепті, яғни құдасын қатты сыйлаған. Мырзақадырдың әйелі Халима заң қызметкері еді, перзент көрмеді. Арыстанды басқа әйел туды. Сонда Мырзакең: «Мен сенен о дүниеде де, бұ дүниеде де ажыраспаймын» дейді екен. Сонау бір жылдары дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Санаторий, сәнді тау» деген өлеңін оқып, бір ой түйіп едім. Оның себебі бар. Оқиғалы өлеңде демалыс кезіндегі бір министр, үш ақынның көңілді әңгімесі, биллиард ойнағаны, министрдің ұтылып қалғаны әдемі әзілмен былайша сипатталады: Санаторий, сәнді тау, Көңіл жарқын, күн айық. Тұр төгіліп бақша-бау, Алдық біраз тыңайып. Кіші ақынды шымшиды, Нән министр Нұрбаев. Жыр мінезі әрқилы, Жеңілдете жырлайық. Соқты сағат сегізді, Ояныңдар, тұр, шәй іш! Өзің бастап жүр бізді, Мырзақадыр Нұрбаич! Осы өлеңдегі Мырзақадыр есімі ертеректе Оңтүстік Қазақстан өңірінде тағдыры қиын адам ретінде көп еске алынатын. Тағдырлас, тұздас-дәмдес болған үш ақынның бірі Қасым 1951 жылы 5 қазанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің санаторийінде жатып осы өлеңді жазғанда шалқыған көңілдер су сепкендей басыларын, енді екі жылдан соң Мырзакең қиын тағдырды бастан кешерін білген жоқ, еш біреуінің қаперіне кірген жоқ. Ал үш жарым жылдан соң Қасым ақын – қайран ақын о дүниелік боларын сезді дейсің бе? 1946 жылы халық комиссариаттары қайта құрылып, нарком, халкомдар Әділет министрлігі болып аталды. Ол кезде Заң министрлігі дейтін. Демек, М.Нұрбаев Қазақ Республикасының тұңғыш Заң министрі. Ал Астанадағы Әділет министрлігі қабырғасында өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы наркомдар суреттері ілініп қойылған. Мырзақадыр Нұрбаевтың жөнді портреті де жоқ екен. Жоқтаусыз, іздеушісіз қалған. Қазіргі тәуелсіз заманда елі оны ардақтап, Мырзашөлдің төріндегі Сырдария университетін Мырзақадыр Нұрбаев атымен атаса, бюстін орнатса, қабірін көтерсе, кім қой деп жатыр. Өлі разы болмай, тірі байымайды. Арыстанның әйелі, Мырзақадыр Нұрбаевтың келіні Әйнек Сүйіндікқызы Гагарин қаласында түтін түтетіп отыр. Қасында қызы Гүлбиназ, ұлы Абай бар. Мырзакеңнің тұяғы… Мырзақадырдың немересі Абайды іздеп үйіне бардым. Арғы-бергі жылдардан сыр шертер құжаттарды оқыдым. Министрдің қолданған портфелі де тұр екен. Ұстап көрдім. Сөйтіп, Мырзашөлдің әйгілі азаматы мемлекет және қоғам қайраткері болған Мырзақадыр Нұрбаев туралы зерттеу еңбек жазып, оны кейінгі ұрпаққа өнеге етудің маңызы зор екенін ұғына түстім.
XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Молдадан әліпби үйреніп, одан кейін 3 жылдық мектепте оқыған ол Омбының техникалық училищесін, Петербор университетінің заң факультетін тәмамдаған.
Әлихан Бөкейханұлының саяси қызметі Омбыда «Халық бостандығы» партиясына мүше болған кезден басталды. Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің ұлы арманы – қазақ мемлекетін құру болды. 1917 жылы шілде айында Орынборда өткен бірінші жалпықазақтық съезінде Алаш ұлттық саяси партиясы заңдастырылды. Бұл Алаш үкіметін құруға жасалған негізгі қадам еді. Совет үкіметі орнағаннан кейін Әлихан Бөкейханов қуғыннан көз ашпады. Ұлтшыл деген айып тағылып, Мәскеуге жер аударылды. Сонда да қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы күресін тоқтатпай, мақалалар, баяндамалар жазған Әлихан Бөкейханов ақыры 1937 жылы ату жазасына кесілді.
Тарихшылар Әлихан Бөкейханов қазақ өміріне зиялылар қозғалысын алып келгенін айтады. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, зиялылар қозғалысы бұрын-соңды қазақ өмірінде болған емес. Ол Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар қазақ қоғамын өзгертті, қазақ қоғамын жаңа сапаға көтерді дейді.
«Олар газет-журналдар шығару арқылы 2 млн тиражбен кітап шығарды. Қазақ зиялылары өмірге әкелген осы ағартушылық қызметтің негізгі нәтижесі – азаттық идеологиясын өмірге әкелуінде. Азаттық идеологиясын әкелу арқылы қазақ қоғамын жаңа идеямен қаруландырды. Ал, ағартушылық жүрген жерде ұлтшылдық жүреді. Яғни, Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар тобы өмірге қазақ ұлтшылдығын алып келді. Ұлтшылдық деген қорқатын нәрсе емес, ол сол кездегі әлемдік құбылыс болатын», – дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.
Тарихшының сөзінше, Әлихан Бөкейханов ұлтсыз халықты жетім халық деп көрген. Мемлекеттілігі жоқ халықты жетекшіл халық деген. Сондықтан, Бөкейханов қазақтың 2-3 ғасырлық отаршыл өмірін қорыта келе, қазақ мемлекеттігін қалыптастырмай, қазақ халқын отаршылдықтан азат ету мүмкін емес деген тұжырым жасады.
Ал, сол кездегі кесек тұлғалардың ішінен Бөкейханов қандай тұлғалық қасиетімен суырылып көсем болып шықты десек, оның бірнеше себебі бар.
«Әлихан Бірінші орыс революциясы кезінде өзін барынша танытты. Бұған дейін ол үлкен ғалым, жер мәселесінің білгірі ретінде көп танылған болатын. Сол кезде 1-ші революцияның қарқынымен көптеген жиналыстар өткенде Бөкейханов оларға белсенді қатысып жүрді. Ол бірінші дума кезінде түрмеге түсіп шықты. Содан бастап ол еуропалықтармен бірігіп, жаңа күрес жолына түсті. Оның үстіне ол масондарға жақын болды. 1918 жылы алғашқы масондардың қатарына кірген де Әлихан Бөкейханов болатын. Міне, мосандардың мүшесі болуы, кадет партиясына кіруі оның күрестің еуропалық жолын таңдағанын көрсетеді. Бұл кезде қазақ зиялылары әлі ол жолға түскен жоқ. Соның ішінде Әлихан Бөкейханов еуропашылдығымен көзге түсіп, соңынан жастарды ертіп жүрді», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай.
Сол кезде оқыған жастардың бәрі «Әлиханшыл» болды. Өйткені, оның үлгі-өнегесі, ұстанымы жастарға дем берді.
Ал революцидан кейін кадеттер өздерінің 7-ші съезін өткізгенде Әлихан Бөкейханов орталық комитеттің мүшесі болып сайланды. Сонда кадеттер билікке келді. Олардың ұстанымы, кешегі империяның орнына демократиялық республика орнату болды. Ол ұстанымды Әлихан да қолдады. Бірақ, автономия құратындай қазақтар арасында кадр жоқ екеніне көзі жеткен Бөкейханов кадет басшылығынан шығуға мәжбүр болады. Өйткені, кадеттердің ұстанымы қазақтардың мүддесіне сай келмеді. Бұны түсінген ұлт көсемі таза қазақы – Алаш партиясын құру жолына түседі. Осыны жасауда ол бүкіл қазақ зиялыларының басы болды.
Кейіннен Ташкенттің жандармерия қорында Бақытжан Қаратаевтың 1910 жылы Әлихан Бөкейхановқа жазған хаты табылды. Сол хатта Қаратаев: «Әлихан бізде зиялылар жоқ емес, бар. Бірақ, сол зиялылардың арасында «ұлтқа қызмет жасап жүрмін» деп айтуға сенің ғана хақың бар» деген екен. Ал, сол Бақытжан Қаратаев 1910 жылы, револоцияға дейін Бөкейхановтың азаттық қозғалыстағы жетекші рөлін мойындаған болатын.
«Алаш қозғалысы – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Ал қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы қоғам мойындаған, ұлт мойындаған Әлихан Бөкейханов болатын. Ол өйткені, ұлт-азаттық қозғалыстың концепциясын, бағдарламасын жасады, ұстанымын қалыптастырды. Ал, бұл үлкен көшбасшылық еңбек», – дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.
Әлихан да Ресей империясының өзін түбегейлі саяси реформаламай қазақ немесе басқа мұсылман халықтары ешқашан өзін-өзі басқару құқығына қол жеткізе алмайтынын түсінді. Сол себепті, ол кадет партиясына, масон ұйымына кірді. Бірақ, ғалымдар Бөкейханов не себепті еврейлердің ұйымына кірді деп таңғалады.
«Өйткені, 20 ғасырдың басында Ресейдегі масон ұйымы саяси масондық болды. Алдына бір ғана мақсат қойған. Яғни, самодержавалық билікті құлатып, Ресейді демократиялық-парламенттік республикаға айналдыру»,- дейді филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Міне, Бөкейханов сол Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылы шілде айында 1-ші жалпықазақ съезінде кадет партиясынан кететінін айтады. Өйткені, ол кадет партиясымен тарихи маңызды 3 мәселе бойынша қарама-қайшылыққа келді. Оның біріншісі, кадет партиясы шіркеу мемлекетке бағынсын деді. Екінші мәселе, кадет партиясы қазақ автономиясын құруға қарсы екендерін білдірді. Ал үшіншісі, кадет партиясы жерді жеке меншікке беруді қолдайтындарын жеткізді. Яғни, Бөкейханов әр қазаққа жерді жеке меншікке беретін болса, онда олар башқұрттардың кебін киіп, көрші орысқа жерін сатады да, ертең құр алақан қалады деп қорықты.
«Әлихан қазақты жерге отырғызуға қарсы болған жоқ. Оның қазақты бірден күшпен жерге отырғызуға қарсы болу себебі, өйткені қазақ көшпенді болып қала берсе экспедиция жасаған норма бойынша көшпенді қазаққа жер көбірек берілетін еді. Ал, отырықшы болсаң, орыстың келімсектеріне берілгендей әр жан басына, онда да ер адам басына 15 деситинадан ғана жер береді. Сонымен қалған жерден айырылып қаласың. Сонда Әлихан отырықшы боламын деп, 15 деситина жер аламын десең, қазақ айналайын ал. Бірақ, сол 15 деситинаға мал бағамын десең, адасқаның дейді», – деді филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Саяси тұлғасынан бөлек Әлихан Бөкейхановтың сол кездегі рухани кеңістіктегі де орны зор болды. Біріншіден, ол 20 ғасырдың басында Ленин, Троцкий, Керенский бастаған Ресейдің саяси элитасымен тең дәрежеде араласқан адам.
«Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге университетте оқып, эмтиханды экстернмен одан үздік тапсырған. Бөкейханов төре тұқымы болғандықтан, төреге сай саяси емес, тек агрономдық оқуды ғана оқуға құқылы болды. Төре тұқымы болып, қанша маңдайы жарқырап тұрса да, ресей импероторлығы ормантанушы болып жүрсін деген рұқсат берген», – дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова.
Бірақ, Әлихан Бөкейхан 19 жасында Санкт-Петербургке барғанда Ленин, дворяндар оқып жүрген императорлық университетті құқықтану саласы бойынша оқып, өзі дайындалып, олардан үздік оқып, емтиханды бәрінен үздік тапсырып, Ленинмен танысқан. Ленинмен, Троцкийлармен солай жолдас болған жан.
«Өмір бойы осындай саяси элитамен таныс болған, даладан келген 19 жасар қазақ баласы осы достығын 1920 жылы қазақтың қазір біз айтып отырған шекарасын бекіту үшін өзінің жеке Ленинмен достығын, дворяндық, ақсүйектік қарым-қатынастарында өз азаматтық-саяси тұлғалығын әбден мойындатқан тұлға ретінде көрсетті. Соны қара басының қамы үшін жасамады. Ол 24 тамызда Кремльдегі Ленин мен Сталиннің алдындағы баяндаманы өзі әзірлеп, 29 жастағы математик Әлімхан Ермековтың аузына бәрін салып берген. Бүкіл қазақтың жері, мына Батыстың жері, әне молалары жатыр, мынау Омбы бастаған орта жүздің жері, мына жақ Жетісу өңірінікі деп, кімдердің қайда жатқанын зираттарымен көрсетіп, бәрін дәлелдеп берген. Мына жақ Ташкент, ол жақта Төле би жатыр деп, қазақтың жері екеніне дәлел келтірген. Міне, осының бәрін дәлелдеген ғылыми баяндаманы Ленин мен Сталинге мойындауға мәжбүр етіп, ғылыми, саяси негізін қалап берген Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары еді»,- дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова.
Әлихан Бөкейханов бастаған қазақтың тұңғыш саяси элитасы қазақтың шекарасын қан майдан соғыссыз, тұңғыш рет қазақ тарихында біліммен, саяси көзқарастарын бекітіп берді. Мәселен, қазір біз өмір сүріп жатқан қазақ жерін сақтап қалу үшін Абылайхандар қанша соғысты, Кенесарының осы үшін басы шабылды. Ал, Әлихандар бастаған қазақ элитасы Ресейдің бүкіл саяси элитасымен тіл табысып, қазақтың шекарасын анықтап алу үшін, қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастыру үшін қарусыз күрес жүргізіп, ақыры қазаққа ата-жұрты мекен еткен қасиетті жерінің шекарасын бекітіп кетті.
Ол бірінші шекарасын біріктіріп алып, екінші қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастыруды мақсат етті. Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдерге нақты тапсырма беріп, мынаны жазыңыз деп кеңес беріп отырды. Тіпті, қазақ жерінде «Қозы Көрпен – Баян сұлу» бастаған бүкіл эпосты жинап жүрген Радловтың кітабын Мәскеуден шығарып берген де Әлихан Бөкейханов еді. 4 ғасыр қазақтың тарихи тұлғаларын жоқтаған «Қазақ жоқтаулары» деген кітапты да 1926 жылы Әлихан Бөкейханов Мәскеуде шығарып отыр. Совет үкіметі қазақтың тарихы жоқ деп жатқанда, Бөкейханов сонау Абылайханнан бастап Қазыбек би, Кенесарыны жоқтаған халықтың жоқтауларын кітап етіп шығарып береді. Себебі, қазақтың тарихы жазылған жоқ. Бірақ, Бөкейханов тарих жазылмаса да мына толғаулар, жоқтаулар арқылы ел өзінің кім екенін білсін деп, осы кітаптың жарыққа шығуына көмектеседі.
Әлихан Бөкейхановтың қазақ қоғамына, экономикасына, жалпы руханиятына жазбаған еңбегі, қамтымаған тақырыбы қалған жоқ. Оның ішінде, ең алғаш қазақ тарихын жазған 1903 жылы Санкт-Петербургта шыққан «Исторические судьбы киргизского края и его курльтурные успехи» деген еңбекте-ақ қазақ тарихы жазылып кеткен. Екіншіден, Лондонның Оксфорд универсиетінде 1985 жылы шыққан Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыздар» яғни, қазақтар деген очеркі бар. Онда қазақтың ежелгі тарихынан бері қарай шаруашылығы, мәдениеті толықтай сипатталып жазылған. 1985 жылы, Кеңес Одағы ыдырамай тұрып қазақ деген халық бар екенін, олардың кім екенін, қайдан шыққанын, тарихын Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыздар» атты очеркінен оқып білді. Қайраткердің осы еңбегін Оксфорд университеті қайта басып шығарып отыр.
Сонымен қатар, қазақтың көне мал шаруашылығы, төрт түлік мал туралы тізбектеп жазылған 4 монографиясы да бар. Бұдан бөлек, 1908-10 жылдары Санкт-Петербургта шыққан «Жер иелену, жерді қалай игерді, қалай егін егіп, мал бақты» деген тақырыпта жазылған керемет шығармалары бар. Қайраткер кеңес дәуірінде қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне көп үлес қосты. Әлихан Бөкейханов 20 ғасырдың басындағы нарықтық экономиканы терең түсіне білген бірден-бір экономист ғалым болды. Ұлт көсемінің ғылым саласында қамтымаған тақырыбы жоқ. Ол қазақтың педагогикасы мен психологиясын, салт-дәстүрін ұстана отырып, Еуропаны қуып жету керек деген идеологияны анықтап берген тұңғыш саяси тұлғамыз.
Ұлттық жазудың реформаторы, ұлы ағартушы педагог, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, көрнекті лингвист, түркітанушы, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.
Ахмет Байтұрсынұлының атасы Шошақ әкесі тәкаппар, бірбеткей, батыл және адуынды адам болды. Бір күні ол облыс басшысы Яковлевпен жанжалдасып қалып, оны қамшымен сабап, отбасы және туыстарымен бірге ауданнан қуып шығады. Сонда уездік басшы жазалаушы жасақ жіберіп, Байтұрсын мен оның інісі Ақтасты түрмеге жабады. Сонда сот ағайынды Шошақұлдарын Сібірге 15 жылға ауыр еңбекке тарту туралы үкім шығарды.
Сол жылы Ахмет он жаста еді. Бұл оқиғалар баланың санасында өзінше көрініс тапты. Бұл оның кейінгі әрекеттерінің негізі болды. Осы жағдайдан кейін Ахметтің өмірінің басты мақсаты қазақ халқының еркіндігі үшін күрес болды. Ал жер аударылған Байтұрсын мен Ақтастың балалары, соның ішінде Ахмет Ақтастың ең кіші ұлы Ерғазының қамқорлығында қалды. Ол Ахмет пен бауырларын Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіреді. Кейінірек Ахмет 1895 жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне түсті.
Байтұрсынұлының педагогикалық қызметі 1895 жылы басталады. 1906-1907 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Ақтөбе, Қостанай және Қарқара аудандарындағы мектептер мен колледждерде мұғалім болып жұмыс істеді.
Қарқаралыда сабақ берген Ахмет Байтұрсынұлы биліктің қазақ халқына жасаған әділетсіздігінің көптеген көріністеріне тап болып, оларға қарсы шығады. Бұл әрекетімен ол полицияның бақылауына түсіп, 1909 жылдың шілдесінде қамауға алынады. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылдан 1909 жылға дейінгі кезеңде тек оқытушылықпен ғана емес, сондай-ақ белсенді революциялық әрекеттермен де айналысады. Ол білім беру, ағарту ісі әлеуметтік жағдай өзгерген кезде ғана адамдарға пайда әкелетінін түсіндірген ағартушылардан болды. Ахмет көбінесе жергілікті шенеуніктердің патшалық тәртіптің саясатына, озбырлығына қарсы сөйлейді.
1905 жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының бірнеше өкілдері патша үкіметіне жерді әділ пайдалану туралы ұсыныспен, жергілікті тұрғындар үшін «жергілікті басқару мекемелер жүйесін» құру және дала қазақтарының құқығын құрметтеу туралы өтініш жазды. Қазақ зиялыларының ұсынысы әрине, қабылданбады және хатқа қол қойғандардың барлығы патша әскерінің бақылауына алынды.
1907 жылы Байтұрсынұлы пен оның жолдастары астыртын жұмысқа кіріседі. Бірақ, революционер жолдастардың арасында өз жолдастарын сатып кеткен сатқын болды. 1907 жылдан 1909 жылға дейін Байтұрсынұлы Қарқаралы түрмесінде отырды, содан кейін ол қысқа уақытқа босатылды. 1909 жылдың 1 шілдесінде қайтадан қамауға алынды. 1910 жылдың 21 ақпанына дейін Семей түрмесінде отырады. Содан кейін оны қазақ даласынан қудалап, туған елінен шығарып жібереді. Сондықтан Қазақстанға бару құқығынан айырылған Байтұрсынұлы 1910-1917 жылдар аралығында Орынборда өмір сүрді.
Билік Байтұрсынұлын мұғалімдік қызметтен босату туралы қаулы шығарады, 1910 жылдан 1917 жылдың наурызына дейін Ахмет Оренбургте заңсыз тұрды. Бірақ, ол әдеби және саяси қызметін жалғастырды. 1911 жылы оның «Маса» атты өлеңдер мен аудармалар жинағы жарық көрді. 1913 жылы наурыз айында Оренбургте қазақша газет шығара бастады және 1917 жылға дейін онда редактор болып қызмет етті.
Қазақ газетінде қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне жазылған мақалалар жарық көрді және бұл газеттің маңыздылығы зор болды. Алғашқы жылдары газетке жазылғандардың саны 3000 болды, ал жабылғанға дейін оның таралымы 8 000 данаға жетті. «Қазақ» газеті отаршылдық саясатты ашық түрде сынағаны үшін жабылды және оның редакторы Ахмет Байтұрсынұлы бірнеше рет әр түрлі қудалауға ұшырады.
Мысалға, 1914 жылы облыстың басқармасы туралы ереженің жобасын сынға алған мақала үшін Оренбург губернаторы Сухомлинов газетке 1500 рубль мөлшерінде айыппұл салған. Ал оны төлемеген жағдайда газет басшысы үш айға түрмеге жабылуы мүмкін еді.
Бірақ, газетте осындай сома болмағандықтан, Байтұрсынұлы денсаулық жағдайының нашар болғанына қарамастан үш ай бойы түрмеде отыруға келісті. Дегенмен, «Қазақ» газетінің жазылушылары мен оқырмандары бұл жағдайды естіп, қажетті соманы жинап берді және бес күн өткеннен кейін Бейтұрсынов босатылды. Дәл осы оқиға 1916 жылы қайталанды, бірақ ол кезде де оқырмандар айыппұлды төлеу үшін 3000 рубль мөлшерінде қаражат жинап берді. Содан газет жұмысын жалғастырды, ал оның редакторы бостандыққа шықты.
1917 жылдың шілдесінен бастап «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының баспа органына айналды, бірақ біраз уақыттан кейін Торғай кеңесі съезінің шешімімен басылым жабылып қалды.
Алаш партиясының негізі қаланғаннан бері Ахмет оның алдыңғы қатарында болды. Бірақ, 1919 жылы «Алаштың» бірнеше идеясымен келіспей, Байтұрсынұлы партия қатарынан шығып, кеңес мекемелерінде қарапайым қызметкер болып жұмыс істейді.
1920 жылдың қазан айынан 1921 жылдың қазанына дейін -Халық комиссары, 1920 жылдың қазанынан 1922 жылдың маусымына дейін – ҚАССР комиссарының орынбасары болып жұмыс істеді.
1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкері, Жетісу және Сырдария облыстарын қосуға арналған өкілетті комиссияның мүшесі, Қырғыз облысының зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болды.
Сонымен қатар, 1921-1925 жылдары Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1925-1928 жылдары Ташкентте Қазақ педагогикалық институтында оқытушысы болып жұмыс істеді. 1928-1929 жылдары Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры болды.
Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қазақстан үшін өте ауыр болды. Сол жылдары зиялы қауым өкілдерін белсенді қудалау басталды. 1929 жылдың 2 маусымында Ахмет Байтұрсынұлы тұтқындалып, бірнеше аптадан кейін Архангельск облысына жіберілді. Ал отбасы, әйелі Александра мен қызы Шолпан Томскіге жер аударылады. Жазушының барлық туындылары, өлеңдер мен аудармалары, мақалалары мен ғылыми зерттеулеріне тыйым салынып, оқусыз қалды.
1937 жылы Байтұрсынұлы қуғын-сүргіннен оралады. Оның бостандыққа шығуына Максим Горький мен және оның жұбайы Пешкованың хаты себепші болды. Ол Халықаралық Қызыл Крест делдалдығында әрекет етіп, көптеген кінәсіз тұтқындардың босатылуына көмектесті. Алматыда Байтұрсынұлын жұмысқа алудан бас тартады.
1937 жылы 8 қазанда ол қайтадан тұтқындалып, біраз уақыттан кейін ату жазасына кесіледі. Ұлттық-азаттық қозғалыстың көрнекті көшбасшысы, ұлағатты ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы тек 1989 жылдың қараша айында айқалады.
Ахмет Байтұрсынұлы фольклор бойынша жазылған көптеген сыни мақалалардың, заманауи қазақ поэзиясы және прозасы проблемаларының авторы. Ол қазақ тілінің негіздерін негіздей отырып, ауызша халық шығармашылығының үлгілерін зерттеді. 1923 жылы Мәскеуде «Ер Сайын» атты қазақ эпосты басып шығарып, оған алғысөз жазады, басылымды ғылыми анықтамалық материалмен дәлелдейді.
1926 жылы Ахмет қазақ халқының қаза тапқандарды еске алатын күрделі кезеңдердегі қазақ тілінің байлығын куәландыратын «Жоқтау» жинағын шығарады. Бұл жинақта Қазыбек би, Абылай хан және басқа да танымал халық қаһармандары және батырлары туралы халықтық жоқтау әндері шығарылды.
Ахмет Байтұрсынұлының әдеби және ғылыми мұрасы өзінің жақсы атымен қатар ақталып, біздің заманымызда ХХ ғасырдың сексенінші жылдарындағы халыққа қайтарылды.
Ахмет Байтұрсынұлының барлық шығармалары көрші халықтардың, орыс және қазақ мәдениетін байланыстыратын, жаңа тарихи қоғамдастықтың іргетасын қалайтын әдебиеттің жалпы қабатын қалыптастыруға қызмет етті. Ол көрнекті түркітанушы болды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фольклорына үлкен үлес қосқан ағартушы. Фольклорлық жұмыстарды жинау және жариялаумен айналысты. Атап айтқанда, ол «Жоқтау» жинағын шығарды, ал 1895 жылы «Торғай» газетінде Ахметтің өзі жинаған «Қазақтың ырымдары мен мақал-мәтелдері» жарияланды.
Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін дамытуда айрықша маңызға ие болған тұлға. 8 ғасырдан бастап қазақ даласына исламның таралуына байланысты араб жазуы біртіндеп ене бастады. Араб әліпбиінде қазақ тілінің барлық дыбыстарының нақты көрінісі үшін қажетті көптеген әріптер жетіспегеніне қарамастан, қазақ тілі араб әріптері негізінде құрылды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің табиғатын терең зерттеп, араб тілінің негізінде жаңа қазақ алфавитін құрды.
Ол сол кезде қазақ тілінің даму қажеттіліктерін қанағаттандырмайтын, оның грамматикалық және фонетикалық құрылымын көрсетпейтін латын, әсіресе орыс алфавитін енгізуге қарсы болды. Ол өз халқына әліпби сыйлап, қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисінің негізін қалады, алғашқы оқулықтарды жазды. Ресми түрде ҚР Ғылым Академиясының Тіл білімі институты Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиет теориясы бойынша зерттеулерге үлкен үлес қосты. Мысалы, ол Абай оқуларының негізін қалаған, сонымен бірге Абай Құнанбаевтың туындыларының рөлі мен маңызы туралы алғашқы мақалалар Байтұрсынұлының қаламынан туған. Абайдың романдары, фольклор тасымалдаушылар туралы жазды. 1920 жылы Қазан қаласында «Баяншы» кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, «Әдебиет теориясы» еңбегі де қазақ әдеби сынының дамуында ең маңызды рөл атқарды.