Шардаралық жастар кәсіппен айналысады

Биыл Шардара ауданында шөп мол шықты. Көпшілік шөптің қорын жасақтап алу мақсатында әлі күнге жиын-терім басында жүрсе, енді бірі дала шөбін орып сатылымға шығарып жатыр.
Алатау батыр ауылдық әкімдігіне қарасты елді мекендердің жастары осы бір қарбалас сәтті тиімді пайдалануда. Олар таңертең «КаМАЗ» жүк көлігіне тайланған (престелген) шөп артады. Осы қарқынмен олар күніне 5 «КаМАЗ» жүк көлігін тіркемесімен бірге жолға шығарады. Нәтижесінде, олар бір дана тайланған шөпті тиегені үшін 70 теңге алады.
– Әрине, бұл науқандық жұмыс. Бірақ, күнделікті түсіп тұрған табыс болғандықтан бізді қызықтырады. Арамызда студенттер де бар. Олар ата-аналарына салмақ салмай-ақ керекті қаржысын тауып алды. Жалпы, еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады екен. Жүк тиеу әуелгіде ауырлау болды, келе-келе үйреніп алдық. Қазір білектерім шынықты. Тайланған шөпті оңай лақтырамын, – дейді еңбек етіп жүрген жастың бірі Жомарт.



