Общество

(Қазақша) «ТӘУӘССУЛ» ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Извините, этот текст доступен только на “казахский”.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әлемдердің патшасы Алла Тағалаға барлық мақтаулар және оның сүйікті елшісіне және отбасы мен сахабаларына, сондай-ақ, қияметке дейін оларға ілесуші салиқалы адамдарға сәлемдер мен игіліктер болсын!

Бүгінгі күнде адамдар арасында қатты талқылауға түскен мәселелердің бірі — «Тәуәссул» мәселесі. Тәуәссул деп – араб тілінен аударғанда «ортамшы қылу» деген мағынаны береді. Бұны «уәсилә» деп те айтады. Яғни, Алладан дұға сұраған кезде бір амалды немесе адамды ортаға қойып дұға қылу. Мазхаб ұстанбайтын адамдар бұл мәселені емес, сөзді естіген кезде шаштары тік тұрып, қарсыласын кәпірге шығарып, тозақтың төріне апарып қойып жатады. Мәселенің анық-қанығын білмей мұсылманды кәпірге шығару айтушы адамның өзін кәпірге айналдырады. Алла одан бізді сақтасын! Қысқаша түрде бұл мәселені ашықтау мақсатында былай дейміз: Әлләмә шейх муфти Рашид Ахмад Лудианауи (оны Алла мейіріміне алсын) былай деген: «Дұға қылған кезде тірі адамды ортаға қою немесе қайтыс болған адамдарды ортаға қою, бірнәрселерді ортаға қою немесе амалды ортаға қою, өзінің амалын ортаға қою немесе біреудің амалын ортаға қою бұның барлығы шын мәнінде Алланың мейірімін ортаға қою болып саналады. Былайша айтқанда «сенің сүйікті пәленше пендеңе жіберген мейірімділігіңді ортаға қойып сұраймын!» деген сөз. Сол секілді «пәленше жақсы амал сенің сыйлығың және мейірімің еді, соны ортаға қойып сұраймын!» деген сөз. Алланың мейірімін ортаға қою рұқсат болғаны былай тұрсын, қабыл болуында еш күмән жоқ. Хадисте келген үңгір иелері өз амалдарын ортаға қойып, дұға қылған кезде қиыншылықтан құтылды. Ал оның мағынасы «сен маған мейірім қылып, пәленше жақсы амалды жасауды нәсіп қылғаныңды ортаға қойып сұраймын!» деген сөзі еді. Тәуәссулдің мағынасының не екенін түсінгеннен кейін бірнеше мысалдар келтіреміз.

  1. «Рухул Мағани» тәпсірінде:

و كانوا من قبل يستفتحون على اللذين من قبل

деген аяттың астында былай деп жазған: Бану Қуройза және Бану Надир яхудилері Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар болмай тұрып, Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ортамшы қылып дұға сұрап, Аус пен Хазражға қарсы шайқасатын еді. Бұл хадисті имам Суюти, имам Байхақи, имам Хаким риуаят қылған.

  1. «Ибн Мәжә» риуаятында көзі көрмейтін адам Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұға сұраған кезде, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған бір дұға үйретті. Сол дұғаның ішінде «Мұхаммед пайғамбарды ортаға қойып, мен саған жалынамын!» деген сөзі бар. Имам Абу Исхақ бұл хадисті сахих деген. Сондай-ақ Имам Насаи, имам Тирмизи, Имам Байхақи риуаят еткен.
  2. Имам Табарани «Муғжам» кітабында мынадай риуаят алып келген: Бір адам өзінің қажетін халифа Усманға (одан Алла разы болсын) жеткізе алмай жүрген кезде, ибн Ханиф бір дұға үйреткен. Соның ішінде «Мұхаммед пайғамбарды ортаға қойып саған жылынамын!» деген сөзі бар.
  3. Бұхаридың риуаятында Әнәс (одан Алла разы болсын) жеткізген хадисте әзіреті Омар (одан Алла разы болсын) құрғақшылық заманында әзіреті Аббасты (одан Алла разы болсын) ортамшыл қылып, дұға қылатын еді. Сонда, оларға жаңбыр жауатын еді.

Мазхаб ұстанбайтындар тәуәссулді жоққа шығарғанымен, олардың көсемі имам Шаукани «жақсы адамдарды ортаға қойып, жаңбыр сұрау» деген тақырып келтіріп, оның астына жоғарыда айтылған Бұхаридің риуаятын алып келген. Хадистің соңында былай деп жазған: «Бұл хадистен алынатын пайда жақсы адамдарды және Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасын ортаға қою мұстахаб екендігі»[1]. Егер, біреулер айтса «бұл әзіреті Омардың оқиғасында тірі адамды ортаға қою рұқсат екені айтылған. Ал, қайтыс болған адамды ортаға қою рұқсат емес» деп, онда оған қарсы мынадай сұрақ туындайды: Тірі адамды ортаға қою және қайтыс болған адамды ортаға қоюдың айырмашылығы неде? Тіпті, айырмашылығы бар деген шақта да, тірі адам өмірінің соңына дейін жағдайы өзгеріп кетпеуіне сенім жоқ, ал қайтыс болған адам олай емес. Бұл жерде тағы бір сұрақ туындауы мүмкін: Әзіреті Омар неліктен Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ортаға қойып дұға қылмады? Жауап: Әзіреті Омар Пайғамбарлардан басқа жақсы адамдарды да ортамшы қылуға рұқсат екенін білдіру үшін осылай істеген.

Қорыта келе, бұл мәселеге кейбір адамдар қатты кіріп, бір-бірін кәпірге шығарып жатады. Алайда, тәуәссулдің не екенін түсінген адамға жоғарыда айтылған дәлелдер жеткілікті. Демек, Алланың мейірімін ортамшы қылу бірауыздан келісілгені бойынша мұстахаб. Ал енді, мүшріктерге ұқсап, Алладан өзгені құдіретті деп түсініп, соған жалбарыну бірауыздан келісілген ширк.

 

Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы Қабдысалым Р.

[1]  Нәйлул 4/9, Ғумдатул қори 4/337, Фатхул Бари 2/399

Басқа жаңалықтар

Back to top button