Жаңалықтар

Бурахан Дақанов: “Түркістан өңірі – Солтүстікке көштің нағыз “Адами һәм қазақи” инвесторы”

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында солтүстікке қоныс аударуды насихаттау үшін Ордабасы ауданында кездесу өтті.
Жиында белгілі болғандай, Солтүстікті көріп қайтуға ниетті азаматтарға арналған тегін автобус келесі аптада ұйымдастырылмақ.
Осы жиын барысында “Отандастар қорының” Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сарапшысы Мыңбай Әлфараби “Серпін” бағдарламасының әрі қарай дамуына ықпал ету керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, “Tauekel” ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов Солтүстік Қазақстан облысындағы 13 ауданның ауылдары оңтүстіктің тұрғындарын асыға күтетіндігін жеткізді.

«Теріскейді қазақыландырайық. Адам саны 2,2 миллионнан асып, жылына кем дегенде 60 мыңнан астам сәби туылатын бұл ғажап облыс – Солтүстікке көштің нағыз «адами һәм қазақи» инвесторы. Білсеңіз, мен тұратын Шал ақын ауданында халықтың саны – 24 мың адам. Ал Ордабасы ауданында 134 мың адам тұрады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 3,2 млн. жуық оқушының 530 мыңы Түркістан облысында. Жабылуға шақ қалып отырған мектептерді аман алып қалу үшін өңір тұрғындары көшіп баруы керек. Солтүстік өңірлерді қазақыландыруға күш салайық», – деді ол.

Жиын соңында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов тұрғындардың құжат әзірлеуі мен өкімет тарапынан қарастырылған жәрдемақы жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button