БастыЖаңалықтар

Алматылық дәрігерлерге робот-хирургтер ота жасауға көмектесті

Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасында робот көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша операциялар жасалды, деп хабарлайды degeneken.kz.

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, роботты пайдаланған кезде емдеу әр науқасқа жеке тәсіл принципі бойынша жүргізіледі, робот операцияға дейін импланттың оңтайлы өлшемін және оны орнатудың нақты орнын таңдай отырып, жасанды буынның дәл 3D жоспарлауын орындайды.

ота
Фото: Аурухана баспасөз қызметінен

«Қарашаның 3-і мен 7-сі аралығында біз Қазақстанда роботтың көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша алғашқы операцияларды жасадық. Біз эндопротездеуге мұқтаж 9 науқасты таңдадық. Пациенттерді мұқият іріктеу бірнеше ай бойы жүргізілді. Дәрігерлер консилиумы өтіп, жасанды буынды дәл 3D жоспарлау үшін компьютерлік томография зерттеудің цифрлық нәтижелері АҚШ мамандарына жіберілді. Роботты қолданудың арқасында операция дәл жоспарланғандай – 1 мм-ден аз қателікпен жүзеге асырылды. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің жақсырақ сақталуы қамтамасыз етіліп, байлам аппаратының оңтайлы тепе-теңдігіне қол жеткізіледі», – дейді Алматы №4 ҚКА хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мейрамбек Жұмағұлов.

Аурухана директоры Біржан Досмаиловтың айтуынша, бұл технология дамыған елдерде танымал, оны АҚШ, Канада, Жапония, Кореяның жетекші клиникаларында қолданып келеді.

«Қазақстанда роботтың көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру алғашқы оталарын жасадық – бұл инновациялық ортопедия үшін әрі травматологиялық-ортопедиялық көмекті жетілдірудің жаңа кезеңі. Жыл сайын мұндай операцияны қажет ететін науқас саны артып келеді. Мәселен осы жылдың 10 айында біздің ауруханада бір жарым мыңнан астам буын ауыстыру отасы жасалды. Біздің мақсатымыз – қызметімізді жетілдіріп, сапалы медициналық көмек көрсету», – дейді Біржан Досмаилов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button