БастыЖаңалықтар

Полиция департаментінде нашақорлыққа қарсы ауқымды жиын өтті

Республикамызда 1 айға жоспарланған нашақорлыққа қарсы іс-шаралар науқаны басталған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ауқымы кең жиналыс ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық еткен іс-шараға полиция полковнигі Қ.Сахов, өңірлік ведомствоаралық штаб отырысының мүшелері, құқық қорғау органдары мен тиісті сала басшылары, барлық аудандардың әкім орынбасарлары, жеке құрам қатысты.

Күн тәртібінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы бойынша жұмыстар сараланып, талқыланды.

Облыстық қоғамдық даму, денсаулық басқармасы басшылығы баяндама жасады. Оған қоса полиция қызметкерлерімен 2024 жылдың 4 айында атқарылған жұмыс қорытындысын полиция полковнигі А. Бурханов мәлімдеді.

Жиналғандар облыс жастары мен балалар арасындағы есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығына тоқталды. Денсаулығы мықты, барлық жағынан дамыған ел атану жолында бірлесіп, жұмыс жасауға уағдаласты.

Айта кетсек, облыста 2024 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 280-ге жуық дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сатудың 18 дерегі, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдаудың 84 жайты бар. Заңсыз айналымнан 190 келіден астам есірткі тәркіленсе, есірткіні жарнамалаған 70 ақпараттық сайт бұғатталған.

Іс-шара соңында қатысушыларға нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспарды жүйелі іске асырып, «синтетикалық есірткінің» таралуына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.

Естеріңізге сала кетейік, нашақорлық және олардың заңсыз айналымы бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына үлкен жағымсыз әсер етеді.

Есірткі туралы көптеген аңыздар бар. Негізінен олардың қиялдағы қауіпсіздігі туралы – денсаулыққа көп әсер етпестен және заңмен байланысты проблемаларсыз «босаңсу» мүмкіндігі.  Мысалы: «Есірткіні қабылдау немесе қабылдамау – әркімнің жеке ісі», «Өмірде бәрін, соның ішінде есірткіні де сынап көру керек», «Мен нашақор болмаймын – мен кейде босаңсығым келеді», «Медицинада қолданылатын дәрілер зиянсыз», немесе «нашақорлық – бұл маған қатысты емес» деген қауіпті иллюзияның салдарынан адам өзін жиі алдайды. Сонымен қатар, есірткіні қолдануға итермелейтін себептер бірдей – зерігу, стресс, өмірдің бос болуы және жаңа нәрсені көруге деген ұмтылыс.

Нашақорлық қоғамның өзекті  әлеуметтік мәселелерінің арасындағы ең өткірінің бірі және есірткінің заңсыз тасымалдануы қоғамның қалыпты дамуына, отбасы үйлесімділігіне барынша зиянын тигізіп, жасөспірімдердің өмірдегі өз жолын таңдауына, ұрпақ тәрбиесіндегі кейбір түйінді мәселелерді дұрыс шешуге кедергі келтіруде. Сондықтан есірткімен күрес құқық қорғау органдары жұмысының аса маңызды бағытының біріне айналды

Басқа жаңалықтар

Back to top button