БастыДенсаулықЖаңалықтарЭкономика

Марат Сұлтанғазиев: Үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі

Сандық технологияларды игерудің бірден – бір басты құралы – компьютерлік техника. Алматы облысында өткен оқу жылында облыс бойынша орта есеппен 1 компьютерге 5 оқушыдан келсе, осы оқу жылында тағы 665 дана компьютерлік техника сатып алуға 245,9 млн. теңге бөлінді.

Бұл туралы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өткен мұғалімдердің тамыз кеңесінде облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Жергілікті бюджеттен 2022 жылы – 99,0 млн., 2023 жылы 2,1 млрд. теңгеге 236 жаңа модификациялы пән кабинеттері сатып алынды.

Ал, ағымдағы жылы «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 1,5 млрд. теңгеге 50 мектептің физика, химия, биология кабинеттері және аудан орталығында орналасқан 3 ауылдық мектептің оқу кабинеттері 100% жабдықталды.

«Балалар – еліміздің болашағы, өміріміздің жалғасы. Біз, ересектер, олардың толыққанды жабдықталған мектептерде білім алуымен қатар, оларды қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2024 жылы 525,1 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 253,1 млн. теңге – білім беру мекемелерін лицензияланған күзетке қосуға, 188,0 млн. теңге – бейнекамераларды жаңартуға, 84,0 млн. теңге – мекемелерді жедел басқару орталығына (ЦОУ) қосуға қарастырылды. Сондай-ақ, биылғы жылғы жақсы жаңалық – облыс бойынша балалар мен жасөспірімдер арасындағы психологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында психологиялық қолдау орталығы ашылып, жұмысын бастады. Білім алушылардың қауіпсіз ортада жан-жақты және терең білім алуы бағытындағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасады»,- деді Марат Сұлтанғазиев кеңесте сөйлеген сөзінде.

Жиында өзекті проблемалардың бірі – үш ауысымды оқыту мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесі де қаралды. 2023-2025 жылдар аралығында өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланыпты.

«Біз мектептер салуда жеке инвесторларды да тартып отырмыз. Бүгінде облысымызда инвесторлық жоба бойынша 4 мектеп салынуда. Есік қаласында жеке инвестор Болат Өтемұратовтың қоры 900 орындық 2 мектеп құрылысын бірер күнде аяқтайды және мемлекетке сыйға тартатын болады»-деді өңір басшысы.

Бұл мектептер тұрғындар ең көп шоғырланған Еңбекшіқазақ ауданының үшауысымды мектептері проблемасын шешетіні де жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button