ГлавноеНовости

(Қазақша) Құқық бұзушылықтарға тосқауыл

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Төлеби ауданы да саламатты өмір салтына бағытталған эстафетаны қолдап, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында маңызды қадам жасады.

Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылында ақсақалдар кеңесінің бастамасымен өткен жиналыста 2500-ден астам тұрғын бірауыздан шешім қабылдап, ауылда «құрғақ заң» жариялауды ұйғарды. Ауылдағы алты азық-түлік дүкенінің иелері: «Біз енді алкоголь өнімдерін сатпаймыз», – деп мәлімдеді. Бұл бастаманы аудандық әкімдік, мәслихат депутаттары, полиция және қоғамдық ұйымдар қолдап, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуге кірісті.

Жаңажол ауылына іргелес орналасқан Ақбастау ауылы да ішімдікке қарсы күресті қолдап, қоғамдағы бұзақылық, ұрлық және отбасылық жанжалдарды тоқтату үшін өз белсенділігін танытты. Ауыл тұрғындары мен ақсақалдар алкогольді «нөмір бірінші жау» деп жариялап, кәсіпкерлерге – азық-түлік дүкендерінің иелері мен қоғамдық тамақтану орындарының басшыларына ішімдік өнімдерін сатудан бас тарту туралы өтініш жасады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына да үндеу жолданып, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейту қажеттілігі айтылды.

«Алкогольсіз ауыл» жобасы аудандық әкімдік тарапынан қолдау тауып, басымдықты бағыттардың бірі ретінде жоспарға енгізілді. Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысы мен ауыл тұрғындарының ішімдіктен бас тартуының нәтижесінде соңғы үш жылда Жаңажол мен Ақбастау ауылдарында бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.

Ауданның Узунарық ауылында да қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында оң өзгерістер байқалуда. Мұнда алкоголь сатылымы тоқтатылып, темекі өнімдеріне вето қойылды. Ауылдағы ақсақалдар кеңесі белсенді түрде жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына сөзбен де, іс жүзінде де көмек көрсетуде. Сонымен қатар, ауылдың іскер әкімі мен белсенді учаскелік инспектордың да еңбегі зор. Нәтижесінде, Узунарық ауылы отбасылар ажырасатын емес, керісінше, құқық бұзушылықтардың азайып келе жатқан мекенге айналды.

Алкогольдің адам ағзасына зияны

Алкогольдің адам ағзасына кері әсері туралы айтпас бұрын, оның физикалық және психикалық денсаулыққа тигізетін залалына тоқталған жөн. Алкоголь жүйке жүйесін зақымдап, адамды тәуелділікке душар етеді. Ол адамның есте сақтау қабілетін нашарлатып, оның ойлау қабілетіне кері әсерін тигізеді. Алкогольді ұзақ уақыт бойы шектен тыс тұтыну бауыр циррозына, асқазан-ішек ауруларына және жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылуына әкеледі.

Алкоголь тек физиологиялық денсаулыққа ғана емес, психикалық жағдайға да қатты әсер етеді. Адамның эмоциялық тұрақтылығы әлсіреп, ол ашушаң, агрессивті болуы мүмкін. Бұл жағдай көбінесе отбасылық қатынастардың бұзылуына, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың пайда болуына және жұмыс өнімділігінің төмендеуіне себеп болады.

Алкогольге тәуелділік көбінесе жанұяның бұзылуына, балалардың психологиялық жарақат алуына және қаржылық қиындықтарға әкеліп соқтырады. Мұның барлығы қоғамның әл-ауқатына теріс әсер етеді. Осыған байланысты қоғамда алкогольдің зияны туралы кеңінен ақпарат тарату және ішімдіктен бас тартуға шақыру маңызды болып табылады.

Алкогольден бас тартудың артықшылықтары

Алкогольден бас тарту тек жеке адамның денсаулығын жақсартып қана қоймай, жалпы қоғамның әл-ауқатын да арттырады. Алкогольден бас тартқан адамдардың арасында денсаулық жағдайы жақсарып, өмір сүру сапасы артады. Отбасындағы қарым-қатынастар нығайып, балалардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлінеді.

Мұндай бастамалар ауылдар мен қалаларда құқық бұзушылықтардың төмендеуіне, отбасылардың ажырасу деңгейінің азаюына және жалпы қоғамдық тәртіптің жақсаруына әкеледі. Түркістан облысында жүргізілген «Алкогольсіз ауыл» жобасының нәтижелері бұның айқын дәлелі болып табылады. Мұндай бастамаларды барлық өңірлерде қолдап, қоғамның салауатты дамуына үлес қосу қажет.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Жолдағы қабылдау» және «Алкогольсіз ауыл» сияқты жобалар қоғамдағы ішімдікке тәуелділік мәселесін шешуде және құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Аталған шаралардың тиімділігі ауыл тұрғындарының бірлесе жұмыс істеп, өз денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға ұмтылғанында жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button