БастыЖаңалықтар

Референдум өткізу ерекшеліктері талқыланды

ҚР Орталық референдум комиссиясы мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының электоралды оқыту орталығы сейсенбі күні Астанада «Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ерекшеліктері» атты республикалық онлайн-семинар ұйымдастырды. Оған саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, масс-медиа өкілдері Zoom платформасы арқылы қосылды.

Семинар Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша 6 тамызға жоспарланған референдумды әзірлеу, өткізу ерекшеліктері төңірегінде өрбіді. Онлайн шараны электоралды оқыту орталығының басшысы Жанар Боқанова жүргізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина сайлау және референдум сияқты саяси-құқықтық процестерге қатысушы мүдделі санаттарды электоралды оқытуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов республикалық референдум заңнамасындағы жаңашылдықтар туралы айтты.

– Қазақстандық және халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері бекітілді. Сайлау мен референдумда байқаушылардың құқықтары мен міндеттерін іске асырудың бірыңғай практикасын қолдану мақсатында өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды акредиттеу тәртібі, байқаушылардың құқықтары мен міндеттері көзделген, – деді ол.

Семинар барысында ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің, ҚР Орталық референдум комиссиясы аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары Әшім Бердібеков республикалық референдум кезеңінде үгіт жүргізу, қоғамдық пікірге сұрау салу, қоғамдық байқау жүргізудің ерекшеліктеріне тоқталды.

Референдум өткізудегі ең басты мақсат туралы ҚР Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова кеңінен баяндады. Ол Қазақстанда атом саласын дамытудағы, елдің энергия қауіпсіздігі мәселесіндегі АЭС-тің ролін жіктеп берді.

– Еліміз бойынша энергияның 70%-ы көмірмен жұмыс істейтін станциялардан өндіріледі. Көбі өткен ғасырда салынған, тозу деңгейі өте жоғары. Дегенмен, оларды жөндеп, жаңартып жатырмыз. Елімізде энергия тұтыну көлемі жыл өткен сайын өсуде. Қажеттілікке қарай шекаралас мемлекеттерден сатып алуға мәжбүрміз. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстанда энергия тұтыну көлемі сағатына 115 млрд кВт болды. Отандық станциялар соның 112 млрд-тан астам бөлігін ғана өндірді. Қалғанын Ресейден сатып алдық. Ол – бүкіл энергия тұтыну көлемінің 2%-ы. Қолға алынып отырған іс-шаралар осындай жағдайларды болдырмауға бағытталған. 2035 жылға дейін қуаттылығы 26500Мвт станциялар салу жоспарланып отыр. Бүкіл энергия көлемінің 6%-ы жаңартылған энергия көздерінен алынады. Ол – жел, күн электр станциялары. Сонымен қатар газбен жұмыс істейтін станцияларды дамытуға ден қоямыз, – деді министрлік өкілі.

Түркістан, Қызылорда облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Әйткенмен, бұл көмірге тәуелді станциялар жұмысы бүгін тоқтайды деген сөз емес. Өйткені олар өңірлерде халықты жылумен қамтамасыз етеді. Мұндай станцияларға қажеттілік әлем елдерінде азайып келеді. Қоршаған ортаға көмірқышқыл газын бөлетіндіктен қаржы ұйымдары оларға қаржы жұмсауды доғарған. Қазақстан да 2060 жылға дейін осы жолға түсуді қалап отыр.

– Мәселен, бір АЭС екі үлкен қуатты ректоры бар АЭС-ке тең. Ол тәулік бойы жұмыс істеуге қабілетті. Екінші жағынан, жасыл энергия болып саналады, – деді Гүлмира Мұрсалова.

Семинар соңында қос тарап өкілдері сұрақ-жауап алмасып, 6 қазандағы референдумның маңыздылығын қаперге түйді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Басқа жаңалықтар

Back to top button