ГлавноеНовости

(Қазақша) Атом энергетикасының алғышарты

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергия тап­шы­лы­ғы бізде ғана емес, әлемде күшейіп бара жатқанын айтып, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет деді. Сонымен қатар АЭС құрылысы мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетінін жеткізді. Таңдаудың бұл түрі елімізде дамыған демократиялық қоғам­ның орныққанын көрсетеді.

Қазіргі кезде халық арасында атом электр стансасын салу жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. Әрине, жобаны қолдайтындар да, оны сынап жатқандар да баршылық. Әр адамның пікіріне түсіністікпен және сыйластықпен қарау мәде­ниетін үйреніп, қоғамда осы дәстүрді қалыптастыруымыз ке­рек. Осы орайда, ең алдымен, кең даламызда атом электр стан­сасын салу бүгінгі күннің талабы екенін толық түсініп алғанымыз жөн. Кейбір сарапшылардың болжамына сүйеніп, еліміздегі газ бен мұнайдың қоры 60-100 жылға жетеді деп есептесек, болашақ ұрпақтың қамын ойлау тұрғысынан да атом энер­гети­ка­сын дамыту керектігі көрі­ніп тұр.

Сонымен қатар еліміз әлемде уран кенінің қоры бо­йынша екінші орында, оны өндіру бо­­йынша бірінші орында екенінен хабардармыз. Шикізат көзінен тапшылық көрмеуіміз де атом стансасын салудың тағы бір негізі.

Кейбір сарапшылар бұл стансаларда қызмет атқаратын кадрлар туралы мәселені де көтеріп жатыр. Бұл – әрине, өте маңызды сұрақ. Дегенмен елімізде бүгіннің өзінде аталған салада жұмыс істеуге дайын ма­мандар бар және оларды жедел даярлауды қолға алуға болады. 1993 жылдан бастап «Бола­шақ» халықаралық стипендия­сы аясында 13 мыңнан астам жас әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып, мұнай, газ, химия, ғарыш қызметі және басқа да салаларда жұмыс істеу­ге қажетті мамандықтарды мең­геріп оралды.

Көпті мазалайтын негізгі сұрақтардың бірі – стансалардың қауіпсіздігі мәселесі. Алайда сарап­шылардың айтуынша, сала­дағы қатерлер, бұрын бол­ған бірлі-жарым апаттардың себебі жан-жақты талданып, тексеріліп, ескеріліп, түрлі көлемдегі, барынша қауіпсіз реактор модельдері ұсынылып отыр. Бұл ретте ерекше көңіл қойып, баса мән беретін бір мәселе – атомнан басқа отын түрлерін (көмір, газ, бензин, мазут, солярка, дизель, т.б.) пайдалану атмосфералық ауаға күкірт қышқылы газын көп шығарып, парниктік әсерді көбейтіп, климаттың жылыну қаупін одан әрі еселейді. Сондықтан БҰҰ адамзаттың, жалпы жер биосферасының болашақ тыныс-тіршілігіне төніп тұрған қауіпті ескеріп, климаттың өзгеруі бо­йынша негіздемелік конвенцияны қабылдады.

Аталған халықаралық құ­жат­­қа қосылған әлемнің 197 мем­лекетімен қатар біздің еліміз де көміртегі шығарындыларын азайту, баламалы энергия көз­де­рін пайдалануды арттыру жөнінде міндеттеме қабылдады. Былтыр Мемлекет басшысы Жарлығымен көміртегі бей­­тараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекі­тілді. Атом энергиясын игеру – бұл бағыттағы проблеманы шешудің негізгі жолдарының бірі.

Жалпы, атом энергиясы таза энергия түрлерінің бірі, ал оны игеру еліміз эконо­ми­касының қарқындап өсуіне, болашақта электр энергия­сының арзандауына жол ашады. Қазір әлемнің 30-дан аса елінде 200-ден аса атом стансасы жұмыс істеп тұр және көптеген мемлекет оларды жаңа технологиялық әдістермен салып жатыр. Бұған ХХІ ғасырда жер жүзінде 90-ға жуық реактор іске қосылып, тағы 50-ден астамы жаңадан салынып жатқанын да дәлел ретінде келтіруге болады. Жалпы, Еуропа одағына кіретін мемлекеттерде энергияның 25 пайызын, ал оның ішіндегі кейбір елдерде 50-60 пайызға дейінгісін атом электр стансалары беріп отырғанын да атап өту қажет.

Жаңа өнеркәсіп салудың, заманауи технологияны мең­герудің, озық өнім түрлерін шығарудың қуат көзін барынша қажет ете­тінін, бұл қажеттілік жыл санап арта түсетінін са­раптаған абзал. Осы орайда уранның отын ретінде көп жұм­салмайтынын, көп шы­ғынды талап етпейтінін, бірақ бас­қа­лардан гөрі энергияны көп бере­тінін есепке алып, елде электр энергиясының тапшы­лығын түбегейлі жою үшін атом электр стансасын салу керек деп санаймын.

Дана халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп айтқандай, алдымызда тұрған шешуші сәт – референдумға бел­сенді түрде қатысып, Мем­лекет басшысының бастамасын қолдау.

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

Алматы облысының құрметті азаматы 

Басқа жаңалықтар

Back to top button