Ағымдағы жылы 11 қыркүйек күні облысқа ҚР Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев мырза бастаған қытайлық «Сиань су компаниялар тобы» өкілдерінің сапары ұйымдастырылды.
Іссапар аясында облыс әкімінің орынбасары А. Т. Зебешевпен ізеттілік кездесу өткізіліп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын ескере отыра бірлескен жобаларды талқылауға әрдайым ашық екендігі жеткізілді.
Сонымен қатар, Сианьдық су компаниясы суды үнемдеудің заманауи технологияларын қолдану әдістерімен, ластанған суды табиғатқа тазартып қайтару, тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету процестерімен тереңінен таныстырды.
Әкімдік тарап бұл жобаның өңірге өзектілігін ескере отырып, ауыз судың қолжетімділігін арттыру бойынша қолданымдағы жаңа технологиялық әдістерді енгізу бойынша қызығушылық танытты. Өз сөзінде А. Темірханұлы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.
Нәтижесінде, Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қытай-Қазақстан кәсіпорындарды альянсы комитетінің тобы» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, делегация өкілдері Тасбөгет қыстағындағы «Бас тоған» су алу құрылымының жұмысымен танысып, Сырдария өзенінен түсетін судың тазартылу процессімен танысты.
Аталған ісшаралар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.