Алдағы бес жылда бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек
Түркістан қаласының тұрғындарының назарына кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау және отандық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керектігін айтты. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес.Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек.Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар.Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін.Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек.
Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады.Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет.Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр.Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек.Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі.Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.
Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс. Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек.
“Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін.Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек.”,- деді Президент.
Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын.Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады.
“Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс.Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді.Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды.Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек.Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады.Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет”,- деді Президент.
Тәуелсіздік алғалы ел саясатының басым бағытының бірі бизнесті қолдау болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан – ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқан ел. Елбасы 1992 жылдың 5 мамырында Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың 1992-1994 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады, шілде айында «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заңға қол қойылды.
Жалпы, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер қатарына кіреді. Демек, бизнеспен шұғылданғысы келген, кәсібін ашуға оңтайланып жүрген азаматтарға ыңғайлы жағдай бар. Мұндай азаматтарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар да көптеп қабылданып жатыр. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынды. Әкімшілік кедергілер азайды. Салық ауыртпалығы қысқарды. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген кредит көбейді. Бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға қолбайлау болып отырған құқықтық нормалар да күшін жойып, ШОБ-ты реттеу «таза парақтан» басталмақшы. Ендігі мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу.
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары басым бағыт ретінде бірінші кезекте кәсіпкерлерді қолдауға көңіл бөлінді. Күрделі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, бизнестің дамуы мен қалыптасуына бағытталған алғышарттар осы кезеңде пайда бола бастады. 1992 жылдың өзінде елімізде әртүрлі қызметтермен айналысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма құрылыпты.
Кезінде ала дорба арқалаған отандастарымыз күнкөріс қамымен алыс-жақын шетелдерге шығып, тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып кеткені есімізде. Қалай дегенмен де бұл сауданың өзі елдегі шағын кәсіпкерлікті ынталандырудың бір қадамы болды. Өйткені жұртшылық мемлекетке алақан жайып отыруға болмайтынын ұғынып, өз-өздерін асырауға көшті. Сөйтіп ақша табудың жолын игерді. Коммерцияның қыр-сырына қанықты. Сауда жасауды үйренді. Саудагерлер өздеріне ғана емес, өзгелерге де, мемлекетке де пайдасын тигізіп, тауар айналымына үлесін қосты.