(Қазақша) Түркістанда «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы алғашқы 2000 орындық мектеп пайдалануға берілді
Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күні қарсаңында 2000 орынға есептелген алғашқы жайлы мектеп ашылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және қолдауымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.
– Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтарын салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17 800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгін оның алғашқысын ашқалы отырмыз. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Мемлекет тарапынан сапалы білім алуға барлық жағдайлар жасалуда. Оның ішінде Түркістан өңірінде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін тапсырылған алып білім ұясы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мұнда №28 мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді. Қазіргі таңда 66 педагог ауысу тәртібімен, 7 педагог конкурстық тәртіппен қабылданды. Оқушы санының толығуына қарай өзге де ұстаздар конкурстық рәсіммен қабылданады. Білікті ұстаздар арнайы іріктелген. Бұдан бөлек, қаржы, шаруашылық қызметкерлері жұмысқа алынған.
Түркістан қаласының Жаңа қала аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жекешелеген кішкене шкафтармен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинеттер, пандустар, жедел сатылар, арнайы бейімделген әжетханалар салынған.
Түркістан өңірінде білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс басшылығы барлық қажетті шараларды қабылдауда. Соның ішінде білім ошақтарының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету басты міндеттер қатарында.
Биылғы жылдың өзінде мектептер бейнебақылау, дабыл жүйелерімен қамтылып, полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды.
Айта кетейік, Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 мектеп салынуда. Оған қоса облыстық бюджеттен және арнайы қордың қаржы көздерінен 20 мектеп пен 1 музыкалық мектеп бой көтеруде. Оның ішінде төртеуі ел игілігіне тапсырылып үлгерді. Қалған мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы 14 білім нысаны биыл тапсырылса, 7 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі. Түрлі жобалар мен қаржыландыру көздері есебінен екі жылда 50 білім нысаны пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін толық таппақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі